Қостанай облысының Жанкелдин ауданындағы Шилі ауылына соңғы үш жылда Қызылордадан 8 отбасы қоныс аударған. Тегін баспана, азын-аулақ мал беріп, олардың көшіп келуіне жергілікті тұрғындар мұрындық болыпты. Жұртшылық осылайша елді-мекенді сақтап қалуға тырысады. Алайда әлі де мектепте бала саны жетіспейді. Тегін мал мен баспана ұсынса да жұрттың мұнда көшіп келмеуінің себебі неде?
Қызылорданың Шиелісінен Торғайдың Шилісіне қоныс аударғандардың бірі - Қалендеровтер отбасы. Отағасы Мұхтар ол жақта лайықты жұмыс табу қиын екенін айтады. Шиліге келгесін мектепке күзетші болып орналасты. Оның сыртында қорасында аздаған қара-құрасы бар.
Мұхтар Қалендеров, қоныс аударушы:
Қызылорда қара суық болса, бұл жақта қар. Кәдімгі аяз. Былай жақсы. Үйрендік, келдік. Бала-шаға да үйренді қазір. Қайтіп көшеміз ба десем? Жоқ, дейді бала-шаға. Қазір енді үш қашар, үш бұзауым бар. Алтау ғой былайша. Шүкір. Екі сиырымды сауып отырмын.
Шилідегі мектепте қазір 69 оқушы бар. Талап бойынша орта мектеп мәртебесі сақталуы үшін бала саны 81-ден кем болмауы тиіс. Осы округке қарасты Милісайда бұдан да аз. Көшіп келгендерге жергілікті жұрт тегін баспана, бес сиыр беріп, екі жыл тегін жем-шөппен қамтиды. Әйтсе де бұл қолдауға қарамастан қоныс аударғысы келетіндер некен-саяқ.
Парванэ Байрамова, қоныс аударушы:
Жол қиын, байланыс жоқ. Машина ауданға барса, сынып қалады. Машина болмай қалады. Бізге сол жағынан көмектессе жақсы болар еді.Қызылордада бар туыстарым қалды. Байланысқа шығу үшін ауданға баруым керек.
Шилі – аудан орталығы Торғайдан 110 шақырым қашықта. Жолдың сапасы сын көтермейді.
Айдаралы Талпақов, Жангелдин ауданы әкімінің орынбасары:
Интернетке басқармаларға хат жазып отырмыз. Оны күшейту жөнінде. Жақында жауап келеді. Біз соларға интернет желісін тартамыз. Енді жол жөнінде айтатын болсақ, 20-25 шақырым көлемі жер боп кеткен ғой грейдердің 30 шақырымдай көлемінде көтеру керек жолын.
Алайда жолды жөндеуге әзір бюджеттен қаржы қарастырылмапты. Дегенмен жергілікті жұрт бос тұрған үйлерді жаңалап, күзге дейін оңтүстіктен тағы бес отбасыны көшіріп әкелуге қамданып жатыр. Аудан әкімдігіндегілер Шымкенттен ірі инвестор келсе жол мәселесі шешіліп қалар деп үміттенеді. Жоспар бойынша осы округтің аумағынан 20 млрд теңгеге мал бордақылау алаңы салынуы тиіс.
Дәуренбек Әбдібек