Ақтауда арнайы контейнер хабы бой көтермек. Қазір оған сұраныс жоғары. Себебі Каспий арқылы тасымалданатын құрғақ жүктің көлемі артып отыр. Бұл хабқа әлемдегі ірі контейнер операторлары қызмет көрсетуі мүмкін. Жалпы Қазақстан жүк тасымалындағы Каспий теңізінің әлеуетін кеңінен пайдалануды көздеп отыр. Мәселен паромдардың санын 10-ға жеткізіп, өз флотымызды құру жоспарда бар.
Қасым Тілепов, Көлік комитеті төрағасының міндетін атқарушы:
Ақтау портында контейнер хабын саламыз. Осы мақсатпен халықаралық компанияларды тарту жоспарланып отыр. Оның ішінде PC International, Maersk, Mediterranean Shipping Company, COSCO Shipping сияқты халықаралық контейнер операторлары тартылады. Бұл бізге олардың контейнер паркін тартуға мүмкіндік береді. Бүгінде бізде контейнер тапшы. Сондықтан, осы контейнер паркін тарта алсақ, транспорттық-экпорттық мүмкіндіктерімізді арттырар еді.
Шерхан Жамбылұлы