Маусым айында қазақстандық қант зауыттары 38 мың тонна өнім өндірген. Оның тең жартысы Тараздағы кәсіпорынға тиесілі.
Ауыл шаруашылығы министрлігі елдегі қантқа деген сұранысты қанағаттандыру үшін қосымша шараларды да қолға алып отыр. Мәселен, шет мемлекеттерден баж алымынсыз 250 мың тонна қант әкелуге квота бөлінген. Сондай-ақ өңірлерді қамтамасыз ету бойынша мониторинг жасалып отыр. Жүктің жолда тұрып қалмай, уақтылы кедендік рәсімдеу жүргізілуі қадағалауға алынған. Дегенмен әзірге бұл нарықтағы сұранысты толықтай өтей алмай отыр.
Үкімет қант бойынша жағдайды тұрақтандыру жөніндегі бес жылға арналған жоспарын мақұлдады. Оған сәйкес қант қызылшасын егу алаңдарын көбейту, суару желілерін жаңғырту, қант зауыттарын жаңғырту, мемлекеттік қолдау шаралары жөніндегі іс-шаралар жоспарланған.