Жыл басынан бері террористер Қазақстанда 2 терроролық әрекет жасамақ болған. Ұлттық қауіпсіздік комитеті оларды анықтап, жолын кесті. Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің қалқаны болған ұйымның 30 жылдығына арналған салтанатты жиынға қатысып, бірқатар қызметкерін мемлекеттік сыйлықтармен марапаттады.
Биылғы жылдың өзінде құрылымның күшімен экстремистікке қатысы бар және терроризмді насихаттаған 42 адам ұсталды. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес қарқынды жүргізілуде. Бандиттік ұйымдардың 22 мүшесі тұтқындалды. Жарты жылдың ішінде елімізде 15 есірткі лабораториясы, 23 халықаралық және 40 аймақтық есірткі каналдары жойылды. Шетелдік серіктестермен бірлесіп, халықаралық есірткі тасымалына қарсы күрес аясында 14 халықаралық арнайы операция жүзеге асырылды. Президент күшейіп келе жатқан геосаяси шиеленіс, бұрын-соңды болмаған санкциялық текетірес, гибридті қақтығыстардың таралуы ұлттық қауіпсіздікке жаңа сын-қатерлер қаупін төндіреді деп санайды. Мұндай жағдайда Қазақстанның ақпараттық және әлеуметтік-мәдени кеңістігіне сыртқы күштердің ықпалы күшейе түседі.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:
Алдымызда мемлекеттік және қоғамдық институттардың орнықты әрі тиімді жұмыс істеуін, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті тұр. Қаңтардағы қасіретті күндерде Комитеттің бірқатар басшыларының намыссыздығы мен сатқындығына қарамастан, көптеген офицерлеріміз өз анттарына адал болып, батыл әрекет етті, нағыз ерлік көрсетті. Өзге елдерде жуырда болған ауқымды қақтығыстар тұрақтылық болмай, орнықты даму мүмкін емес екенін тағы да бір көрсетіп берді. Ұлттық қауіпсіздік – мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың шешуші факторы. Арнаулы қызметтер жұмысының табысты болуы мемлекеттердің ішкі саяси тұрақтылығына ғана емес, сондай-ақ олардың орнықты экономикалық дамуына айтарлықтай дәрежеде байланысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Жаңа Қазақстанды құруға кіріскенін, қоғамның барлық саласында түбегейлі жаңғыртулар жүргізіле бастағанын мәлімдеді. Мемлекет азаматтық қоғамды дәйекті түрде дамытып, демократиялық қағидаттарды қорғайды. Бұл еліміздің дамуы үшін өте маңызды қадам. Сондықтан әділдік және заң үстемдігі осы жолда басты бағдар болады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:
Өзгерістердің бәрін табысты жүзеге асыру үшін бізге кез келген қауіпке тиімді қарсы тұра алатын заманауи арнаулы қызмет керек. Ұлттық қауіпсіздік органдары ұлттық мүдделерді қорғауда және күшейіп келе жатқан заманауи сын-қатерлерге қарсы күресте алдыңғы шепте болады. Сондықтан аналитикалық және ақпараттық барлау жұмыстарына баса мән бере отырып, проблемаларды бастапқы сатысында жою қажет. Қазақстан жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған теңгерімді әрі сындарлы сыртқы саясат жүргізеді. Сондықтан еліміздің одақтасы және стратегиялық серіктесі саналатын мемлекеттермен арадағы табысты ынтымақтастықты арнаулы қызметтер саласы бойынша дамыту өте маңызды. Қауіпсіздік саласындағы стратегиялық мақсаттарды жүзеге асыру кезінде азаматтар құқығының тапталуына және елімізде іскерлік климаттың бұзылуына жол беруге мүлде болмайды