Түркістан облысы Кентау қаласының бұрынғы әкімі Дәурен Махажанов 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Оны Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты «Аса ірі мөлшерде пара алу» бойынша қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Мемлекеттік қызметте, сотта, Ұлттық банкте және бірқатар ведомствода қызмет атқаруға тыйым салынды. Еске салайық, 3 жыл әкім болған Дәурен Махажанов ақпан айында қамауға алынған. Ол Кентау қаласында автокөлік жолдарын жөндеумен айналысатын серіктестік директорынан 42 миллион теңгеден аса пара алды деген күдікке ілінген.
Нұрсұлтан Орынбасаров, Алматы қалалық соты баспасөз хатшысының міндетін атқарушы:
Сот экс-әкімді пара алғаны үшін кінәлі деп тауып, қатаң режимдегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, мемлекеттік қызметте қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салынды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Жазира Оразқызы