Ыстамбұлда Украина, Ресей, Түркия және БҰҰ өкілдерінің кездесуі өтті. Мақсат - Украина астығын теңіз арқылы экспорттауды жаңғырту туралы келісімге келу. Кейбір деректерге сүйенсек, бұл мәселеге қатысты түпкілікті шешім келесі аптада жасалады. БҰҰ-ның бас хатшысы Антониу Гуттериштің сөзінше, тараптар маңызды және айтарлықтай қадам жасаған.
Ал Украина президенті Владимир Зеленский астықты экспорттау мәселесінде ілгерілеу бар екенін айтты. Қазір Украина дәнді-дақылдарын Дунай порттары мен құрлық арқылы сыртқа шығарып жүр. Дегенмен оның көлемі мардымсыз. Қарулы қақтығыс басталғаннан кейін Қара теңіздегі порттар бұғатталып, Азов теңізін Ресей басып алды. Соңғы деректерге қарағанда Одесса мен оның төңірегінде 20 млн тонна астық жиналып қалған. Экспорт көлемі азайғаннан кейін әлемнің бірнеше елі азық-түлік дағдарысы алдында тұр.
Арай Төлегенқызы