Ескі тәсілдерді қолданып, қордаланған проблемаларды шеше алмай отырған үш министрге сөгіс жарияланып, тағы біреуіне ескерту жасалды. Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында министрлер кабинетінің жұмысына орташа деген баға берді.
Сонымен сын садағына ауыл шаруашылығы ведомствосының басшысы Ербол Қарашөкеев пен Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов ілікті. Олар қымбатшылыққа қауқар көрсете алмай, тиімсіз тірлікпен айналысып жүр. Жауапкершілікті өңірлерге жүктеп қойды. Ал, ондағылар дүкендерді аралап, «ақылы жоқ болса, екі аяқтың соры» деген күйді кешіп жүр. Соңғы кезде киік мәселесі де күйіп тұр. Соған жауапты экология министрі Серікқали Брекешов бітімді іс жүргізе алмады. 80 мың ақбөкенді ату қазақ менталитетіне оғаш қылық. Мәселені өзгеше реттеудің жолын іздеу керек, деді мемлекет басшысы. Ал, цифрландыру министрі Бағдат Мусин ескерту алды. Цифрландыру баяу жүргізілуде және көңіл көншітпейді. Осыларды ескере отырып, Қасым-Жомарт Тоқаев күзге қарай, кадрлық ауыс-түйіс те болуы мүмкін екенін айтты.