Отандық өнім өндірушілерді қолдау қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Отандық өнім өндірушілерді қолдау қажет

14.07.2022

Елімізде азық-түлік бағасын тұрақтандырудың ең тиімді жолы елдегі шаруаларды қолдау. Әсіресе, көкөніс, бақша дақылдарын өсіретін диқандарға мемлекет тарапынан көмек берілуі тиіс. Өнімді сауда орындарына еш кедергісіз шығару, қосылатын үстеме бағаны нақты белгілеп, арадағы делдалдарды азайту үшін заңнаманы қабылдауымыз тиіс деген Мемлекет басшысы, Үкіметке «Қазақстанда жасалған» Ұлттық жобасын әзірлеуді тапсырды.

Кез келген мемлекет азық-түлік тауарын өзінде өндірмей, сыртқы тәуелділіктен арылмайды. Ал, ішкі нарықты ауыл шаруашылығы өнімдерімен толық қамтуға біздің мүмкіндігіміз мол. Бірақ, әлі де соның тетіктері оңтайлы шешілмей келеді. Бүгінгі азық-түлік инфлияциясының шарықтауы соның дәлелі. Сондықтан, «жергілікті шаруаларды қаржыландырып, отандық өнімнің үлесін арттыру қажет» деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

Шаруа қожалықтарына ірі сауда желілерімен тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік берілуі керек. Мұндай мүмкіндік олардың жұмысын жандандырып, салаға инвестиция тартуға жол ашады. Отандық тауардың сауда орындарына кедергісіз шығарылуын қамтамасыз ету керек. Бұл – өте маңызды мәселе.

Жалпы әр өңірдегі тұрақтандыру қорлары азық-түлік тауарларын сырттан сәл арзан бағаға сатып алуға дағдыдыланып, қыруар қаржы шет ел асып жатыр. Сол себепті, қазір сауда орындарында қырғыздың картобы, өзбектің көкөнісі толып тұр. Бірақ, алыстан арбалағанмен баға құбылып тұр.

Пірмұхаммед Сыздықов, «Атамекен» ҰКП Қызылорда облыстық филиалының директоры:

Осы уақытқа дейін біз тек сырттан әкелген тауарларға интервенция жасап келдік. Ол айналып келген кезде қаражаттың барлығы сыртқа кетіп жатыр, ал біздің шаруалар қаражатсыз өзінің күнін өз көріп жатты. Сондықтан, бірлесе отырып шаруамен тікелей тауар өндірушімен жұмыс істеген жағдайда ғана біз азық-түлік қауіпсіздігін шеше аламыз.

Осы орайда, Президент Үкіметке «Атамекен» палатасымен бірлесіп «Қазақстанда жасалған» жалпыұлттық жобасын жүзеге асыруды тапсырды.

Жалпы ауыл шаруашылығының дамуын тежейтін фактор көп. Мәселен, елімізде бақша, көкөніс дақылдарының сапалы тұқымын табу қиын. Көбі сырттан әкелінеді. Сондай-ақ, заманауи агротехникаларды тек ірі шаруашылықтар сатып ала алады. Сондықтан, бейнеті көп бау-бақша дақылдарын шағын қожалықтар қолмен күтіп-баптауға мәжбүр.

Самалбек Қосанов, Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты:

Бірінші кезекте, механикаландыруымыз керек. Мысалға, еккенен бастап, жинауға дейінгі адам шаршамай жұмыс істеген кезде өнім жоғарылайды. Кез келген нәрсеге ұрынуға болмайды. Нақты біз айтып бере аламыз сапалы тұқымдарды, сапалы көшеттерді алу керек. Сонымен қатар, сапалы өзінің беретін дәрумендерін уақыты дер кезінде беріп отыру керек.

Түптеп келгенде мемлекет ауыл шаруашылығын дамытпай, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуі мүмкін емес. Президент сала министрлігі мен жергілікті әкімдіктер тарапынан бірлескен кешенді шаралар қабылдап, жуық арада оң өзгерістер күтенін айтты. Агро саланы жетілдірудің жаңа бағыты күзге дейін әзірленуі тиіс.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу