Ұлттық тауар өткізу жүйесінің моделі қайта қаралады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық тауар өткізу жүйесінің моделі қайта қаралады

15.07.2022

Президент сынынан кейін сауда және азық-түлік қауіпсіздігі саласында бірқатар ілкімді істер қолға алынады. Нақты бағалар туралы халық пен бизнесті барынша ақпараттандыру қамтамасыз етіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов мәлімдеді. Сонымен қатар, негізгі тауарлардың теңгерімін қалыптастырудың бірыңғай ақпараттық жүйесі әзірленеді. Ол азық-түлік тауарларын өндірушілерді субсидиялау тетіктері қайта қаралатындығын да жеткізді. Ұлттық тауар өткізу жүйесін құрудың қолданыстағы моделі қайта қаралады. Жұмыс басталып кетті.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі:

Бүгінгі таңда біз мүдделі инвесторларды тарта отырып, көтерме сауда орталықтарын құрудың бірнеше балама сценарийлерін қарастырып отырмыз. Осыған байланысты, белгіленген мерзімде яғни биылғы қазан айына дейін тиісті тәсілдер Мемлекет басшысына баяндалады.

Президент тапсырмаларын нәтижелі орындау қажет

Отырыста Үкімет басшысы Президент берген тапсырмаларды нәтижелі орындау қажеттігін баса айтты. Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының кешегі кеңейтілген отырыста айтқан сыны өте маңызды, - деді. Барлық мемлекеттік органдар, әкімдіктер мен квазимемлекеттік сектор белсенділігін арттыруы қажет. Бірінші басшылар Президент тапсырмаларының орындалуын жеке бақылауға алуы керек. Жобалар мен бағдарламалардың барлығы өңірлерде жүзеге асырылады. Олар халықтың әл-ауқатына тікелей әсер етеді, - деді Үкімет басшысы.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

Сондықтан Үкімет пен әкімдіктер өзара тығыз байланыс орнатып, әрбір мәселені бірлесіп шешуі керек. Жалпы Үкімет жұмысының нәтижелі болуы әрқайсымыздың тиімді жұмыс істеуімізге байланысты. Ел экономикасының дамуы, азаматтардың тұрмыс сапасының жақсарғанын сезінуі үшін жоспарланған жұмысты бірлесіп жүзеге асыруға күш салуымыз керек.

Дарын Сағитов

Хабарламаларға жазылу