Елімізде жекеменшік балабақшаларды лицензиялау тәртібі қайта енгізіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде жекеменшік балабақшаларды лицензиялау тәртібі қайта енгізіледі

15.07.2022

Бұл бейнежазбаларда балабақшалардағы былық бейнеленген. Қатігез тәрбиешілердің бірі бүлдіршінді төпелеп, басынан ұрса, енді бірі ұйықтай қоймағаны үшін қылғындырған. Соңғы уақытта мұндай деректер көбейіп кетті. Нәтижесінде, қызметкерлер жұмысынан қуылды, тіпті сотталып кеткендері де бар. Осы түйткілге бүгін Президент те тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жекеменшік балабақшаларда балаларды ұрып-соғу деректері бар. Сонымен қатар жұмыс істемейтін балабақшаларға қаржы бөлу көбейіп кетті. Мұның бәрі олардың қызметі ашық емес екенін, азаматтық жауапкершілік жоқтығын көрсетеді. Басқаша айтқанда, қоғам талабына сай емес.

2011 жылы балабақшаларға қатысты «лицензия арқылы жұмыс істеу» талабы тоқтады. Мемлекет ол кезде мұндай қадамға амалсыздан барған еді. Өйткені, мектеп жасына дейінгі балаларды мекемемен барынша қамту керек болды. Яғни, жеке сектордың әлеуеті пайдаланылды. Нәтижесінде 2 мен 6 жас аралығындағы бүлдіршіндердің 88 пайыздан астамы балабақшамен қамтылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Енді қызмет көрсету сапасын арттыратын кез келді. Үкімет осы мәселені мұқият қарастыруы керек. Лицензиялау тәртібін қайта енгізу, ең алдымен, мемлекетке емес, қоғамға қажет шара. Өйткені, басты мақсат – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Биылғы бес айда елімізде 1 384 нәресте шетінеген .Ұлттық статистика бюросының дерегінше, елде туған 1000 сәбидің 8-і қайтыс болады. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің басты міндетінің бірі де осы – ана мен баланың денсаулығын сақтау екенін жеткізді. Президент елде ана мен бала өлімінің көбейгенін айтып, перинаталдық қызметтің жай-күйін тексеруді тапсырды.

Ал балалар дәрігері, медицина саласындағы сарапшы - Қайырғали Көнеев қайғылы жағдайларға көбінде дәрігерлердің әлеуметік жай-күйі себеп,-дейді.

Қайырғали Көнеев, Балалар дәрігері, тәуелсіз сарапшы:

Ана мен бала өлімін төмендету үшін тәуелсіз сарапшылар болуы керек. Кодексте де ол жазылған. Бірақ оны әлі енгізе алмай жатыр. Зерттеуді жасамайтын себебі - сол комитетімізде басшылар административный жұмысқа жоқ олар, уақытылы тендерді өткізбеген.

Мемлекет басшысы қазіргі перзентханалардың көбі халықаралық стандарттарға сай емес екенін де атап өтті. Сондықтан шұғыл шаралар қабылдап, осы мәселені шешуді тапсырды.

Фариза Мұсақызы


Хабарламаларға жазылу