Алматыда 600-ден астам тұрғын турникке тартылды. Президент жанындағы «Дара» дарындыларды қолдау қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «TARTYL FEST» фестивалі өтті. Бұқаралық спортты дамытуға бағытталған шараға жиналғандар саны рекордтық дәрежеге жетті.
Жиналғандардың барлығы бірдей кәсіби спортшы емес. Десе де, салауатты өмір салтын ұстанатыны көрініп-ақ тұр. Мысалы, Әлішер Жәдігеров фестивальге қатысу үшін шалғайдағы ауылдан келіпті. Мүмкіндігі шектеулі болса да, басқалардан кем түспеді.
Әлішер Жәдігеров, Алматы облысының тұрғыны:
Жарысқа келгендегі және жарыстың ұнаған тұсы біреуден артық, біреуден кем тартыласың бірақ әділ. Көріп тұрмыз қанша халық сыртқа шығып эмоция алып жатыр. Бұндай дүниелердің болғаны дұрыс себебі біз іштегі нәрселерімізді шығарып отыруымыз керек.
Республика сарайының маңына жиналған халықтың қарасы қалың. Арасында жастардан бастап, қарияларға дейін бар. Олар өскелең ұрпаққа үлгі болу үшін келдік дейді.
Жуырда ғана бастау алған фестиваль бұған дейін Қонаев және Талдықорған қалаларында өткен. Қос шаһардағы қатысушыларды қоса алғанда, 500 адамнан аспапты. Ал бір ғана Алматыда бұл көрсеткіш еселене түсті.
Нұрлан Қоянбаев, ҚР Президенті жанындағы «Dara» дарындыларды қолдау қорының жетекшісі:
Күтпеген жағдай болып жатыр. Таңертеңгі 9-дан Абай көшесіне дейін үлкен кезек болып тұр. Бұл қуантарлық жағдай. Бұқаралық спортқа көп көңіл бөлу керек. Осы қалада, ауылда, ауданда осы бұқаралық спортқа негіз салу керек деп ойлаймын.
Спорттық шарада 18 бен 30 және одан жоғары жастағы азаматтар өздерінің бабы мен бағын сынады. Олардың бірі 40 рет тартылып, рекорд орнатты. Жүлделі орындардан көрінген 30-ға жуық қатысушыға ақшалай сыйлықтар табысталды. Фестиваль 6 қыкүйекке дейін жалғасып, барлық қалада өтеді.
Нұрсұлтан Тілектес