Елімізде әуе рейстерінің уақытынан кешігу деректері көбейді. Соңғы екі аптада әуежайда сабылып жүрген жолаушылардан жүзден астам жазбаша шағым келіп түскен. Діттеген жеріне жете алмағандар әуе компанияларының жұмысын сынға алып, әлеуметтік желіге де жариялауда. Қазір азаматтық авиация комитеті мен Қазақстанның авиациялық әкімшілігі тергеуді бастады. Енді қомақты айыппұл салынуы мүмкін.
Алматы – Қостанай бағытындағы рейсті күтіп тұрған жолаушылар діттеген жеріне жете алмады. Оларға компания қызметкері бар жағдайды түсіндіріп бағуда. Алайда уақыты мен қаржысынан қағылған тұрғындар , тиісті орындарға арыз жазуға бекініпті. Соңғы аптада Алматы – Мале, Нұр-Сұлтан – Ташкент бағытындағы борттар да жолаушылардың үмітін ақтай алмады. Ал, Ақтаудан ұшаққа билет алған жолаушылар көп уақыт өтпей пойыздан видеоүндеу жолдады.
Жолаушы астанаға келу деген азаптың азабы, зардаптың зардабы болып кетті. Самалети уақытында ұшпайды. Билет сатып аласың төрт күн үш күн задержка болады. пойызға отырыыып келе жатырмыз. Билет сатып аламыз самалет уақытында ұшпайды. Жолаушыны жолынан қалдырып.
Қазір жауапты орындар Air Astana және FlyArystan әуерейстерінің кешігу фактісі бойынша тергеуді бастаған. Бұл компанияларға қатысты бір аптаның ішінде тұрғындардан 120 шағым түскен.
Нұржан Малаев, «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ тасымалдау департаментінің директоры:
Егер сіздің рейсіңіз бір сағатқа кешіксе әр кешіккен сағат үшін билет құнының 3 пайызын тасымалдаушы төлеу керек. Жолаушы бұл компенсацияны алу үшін ең бірінші шағым жазу керек.
Көп жағдайда әуе компаниялары рейстердің кешігуін ауа райының қолайсыздығымен байланыстырады. Әйтсе де ресми деректер кешігіп ұшқан борттардың 10 пайызы ғана табиғи факторларға қатысты екенін көрсетті.
Сәбит Әлдебай, тілші:
Ал, статистикалық деректер елімізде әуе рейстерінің саны айтарлықтай көбеймегенін көрсетеді. Алайда әуе борттарының кешігуі екі есеге дейін артқан. Мәселең былтыр 68 мыңнан астам рейстің 12 мыңдайы кешіккен. Яғни әр бір 5 ші борт өз уақытында ұшпаған.
Жолаушылардың көпшілігі әуе компанияларының сервисі бағасына сай келмейтінін айтады. Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев жолаушыларға ұсынатын қарапайым қызметтердің өзі қымбат дейді. Мәселен, FlyArystan жолаушыларға бір жұтым суды 500 теңгеге сатқан.
Елнұр Бейсенбаев ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Алты құрлықтың суы таусылса да, бір кесе суды тегін беруді ұйымдастыруға болады ғой! Оған қоса, лоукестердің саясатына кереғар болатын соңғы билеттер қалған уақытта, оның құнын 5-6 есе көтеріп сатуды ретке келтіретін уақыт жеткен сияқты. Қысқасы, жыл өткен сайын отандық әуеиндустрияның ахуалын еуропалық стандарттарға сай реттеу қажет.
Биыл ел үкіметі 24 бағыттағы рейсті субсидиялауға 5,9 млрд теңге бөлген. Оның ішінде 16 бағытқа тиесілі 5 млрд теңге ұшағы жиі кешігетін SCAT және Qazaq Air компанияларына берілген. Сарапшылар сервисі сын көтермейтін мұндай мекемелерге қаржы бөлу ақылға сыймайды, дейді.
Сәбит Әлдебай