Алматыдағы заңсыз саудаланған ірі базар мемлекет меншігіне қайтарылмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыдағы заңсыз саудаланған ірі базар мемлекет меншігіне қайтарылмақ

20.07.2022

«Барыс» - Алматыдағы ең ірі көтерме сауда базарының бірі. Бұл жерде жеміс-жидек, көкөніс, ет өнімдері арзан бағамен сатылады. Сондықтан базарға келетін халықтың қарасы қалың. Ал Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия сауда нысанына қатысты мынадай ақпарат таратты.

«Барыс-4» базарының ірі көтерме сауда нарығындағы үлесін 5 есе төмен бағамен сату анықталды, яғни, құны 1,5 миллиардтық сауда орталығы 307 миллион теңгеге саудаланған. Шілдеде мәмілені бұзу және нысанды мемлекетке қайтару туралы талап-арыз қозғалды.

Алайда базар басшылығы бұл ақпараттан бейхабармыз, ресми құжат алған жоқпыз, дейді.

Самат Нұршабаев , ЖШС директоры:

Бізге құқық органдарынан немесе сот жағынан басқа да мемлекеттік органдардан ешқандай хат немесе уведомление дейді немесе повестка дейді ондай ештеңе келген жоқ.Сол үшін біз ешқандай ақпаратпен бөлісе алмаймыз. Қазіргі таңда ешқандай мәселе жоқ.

Комиссия Алматыдағы 40 жылға жуық тарихы бар, атақты «Қазақстан» шипажайының мемлекет меншігіне қайтарылғанын да хабарлады. Алайда санаторий басшылығы нысанның ІІМ иелігінде екенін, қазіргі басты мәселе экс-басшы Сұлтан Қазбектің 2,6 млрд теңге көлемінде заңсыз несие алуында болып отыр дейді. Шипажайдың күрделі жөндеуіне деген желеумен алынған қаржы құмға сіңген судай жоқ болған.

Бексұлтан Сәрсеков, Шипажай директоры:

Бухгалтерлік құжаттардың бәрін жалған жазып,банкке апарып береді.Алдында нақтысын жазған кезде банк бұларға кредит бермейді. Бір күнде счеттағы 90 миллион ақшамыз кетіп қалады. Біздің жұмысымыз алға баспайтын болды. Счетқа бір тиын ақша түссе ол банкке кетіп қалады.

Ал, несиені рәсімдеген банк өкілдері сауалдарымызға жауап беруге құлық танытпады. Жазбаша жауаптың өзін ертең беруге уәде өтті. Ал қарызға белшесінен батқан шипажай басшылығы мекеме банк балансына өтіп кетпесе екен деп алаңдайды. Себебі, «Қазақстан» - мемлекет меншігіндегі санаулы емдеу-сауықтыру орнының бірі.

Бексұлтан Сәрсеков, Шипажай директоры:

Ешқандай сатылмау керек. Кредиті шешілу керек. Әрбірден кейін қылмыстық іс қозғалсын қазір.

Мәселе жақын арада шешілмесе, шипажай қызметкерлері Мемлекет басшысына жүгінеміз деп отыр. Себебі, шырмауықтай шырмалған түйіткілдің шешілетін түрі жоқ дейді. Ал еліміздің Бас прокуратурасы жетекшілік ететін арнайы комиссия қылмыстық іс қозғалған тұлғалардың мүлкі де қайтарылып жатқанын жеткізді.

Жазира Оразқызы, тілші:

Мың асқанға бір тосқан. 95 миллиард теңгеге залал келтірген "Олимп" букмекерлік кеңсесінің қыруар қаржысы да тәркіленіп жатыр. 5,5 миллион доллар мен 200 мың еуро Ұлттық банкке аударылатын болды. Прокуратура органдары 8 мыңға жуық Үкімет актісі мен сот шешімін май шаммен қарап жатыр. Олардың қатарында мемлекеттік активтерді олигополия пайдасына жекешелендіру және тартып алу деректері бар.

Жазира Оразқызы


Хабарламаларға жазылу