Алматыда 3 мың тұрғын бірнеше күннен бері сусыз отыр. Наурызбай ауданындағы «Нұрлы дала» тұрғын үй кешеніне тіршілік көзі арнайы көліктермен жеткізілуде. Десе де, барлығына бірдей жетпейді. Шілденің шіліңгір ыстығында жуынып-шайынудан қалдық дейді ашуланған тұрғындар. Тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес мәселенің себебін анықтап көрді.
Раушан Мырқасымбаева - екінші топтағы мүгедек. Мойны мен омыртқасынан жарақат алып, жұлынына зақым келген. Бірнеше рет ота жасатып, тік аяқта әрең жүр. Дәрігерлер ауыр көтеруге тыйым салған. Бірақ, су тоқтағалы, тіршілік нәрін сырттан тасиды.
Раушан Мырқасымбаева, тұрғын:
Сусыз қиын енді. Болмай бара жатса бір туысқанымның үйіне барайын деп тұрмын. Әжетханаға суды көтеріп құюға болмайды. Ауыр зат көтерме деді.
Жергілікті әкімдік тарапынан күнделікті су жеткізіледі. Бірақ, оның өзі барлығына бірдей жетпейді.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Міне, тұрғындар бірнеше күннен бері осындай арнайы көліктермен әкелінетін суды тұтынуға мәжбүр. Бұның өзі ішуге жарамайды екен. Тек ыдыс-аяқ жуу мен кәріз жүйесіне арналған.
Оның өзіне қол жеткізу үшін сағаттап кезекке тұру қажет. Жағдайды пайдаланып маңайдағы дүкендер де ауыз су бағасын қымбаттатып жіберген. Шарасыз тұрғындар тіпті арықтан әкелінген суды да пайдаланған.
Фархад Жаңбыров, Наурызбай аудандық тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы:
Қалпына келтіру жұмыстары түннен таңертеңге дейін жоспарланған болатын. Алайда суық суды өшіру қиындауына байланысты жұмыстар ұзақ уақытқа созылды. Бүгінгі құбырды толықтай жөндеп ауыз суды бердік.
Тұрғындар ыстық судан да қағылған. Әкімдіктегілердің айтуынша, қазір жылыту маусымына дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Сондықтан ол тамыз айында қосылады дейді. Ал, жиі сөнетін жарық мәселесіне осыған дейін орын алған апаттар себеп. Алдағы уақытта мұндай жағдай қайталанбайды деп сендірді.
Нұрсұлтан Тілектес