Батыс елдері Киевке қуатты қару жібермек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс елдері Киевке қуатты қару жібермек

21.07.2022

Ресейдің Украинадағы әскери операциясының географиялық мақсаттары өзгерді. Мұны осы елдің сыртқы істер министрі мәлімдеді. Сергей Лавровтың сөзінше, бұл мақсатқа «ДНР», «ЛНР» ғана емес, сонымен бірге Херсон және Запорожье облыстары кіреді. Дипломат Батыс елдері Украинаға алысқа ататын қару-жарақты тасымалдауын жалғастыра берсе, шекара одан әрі жылжи түсетінін де баса айтты.

Ал АҚШ «Кремль Украинаның шығыс және оңтүстік өңірлерін «Қырым сценарийі» бойынша аннексиялауға дайындалып жатыр» деп мәлімдеді. Мұны елдің Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің баспасөз хатшысы Джон Кирби мәлімдеді. Оның сөзінше, Мәскеу Донецк және Луганск облыстарын түгелдей, ал Херсон мен Запорожье облыстарын жартылай өз құрамына қосуға ниетті. Вашингтон мұндай әрекет жауапсыз қалмайтынын ескертті.

АҚШ пен оның одақтастары Украина әскеріне «ХИМАРС» жүйесінің қосымша 8 данасын бермек. Мұндай шешімді Киевке көмек беру жөніндегі байланыс тобының кездесуінде әлемнің 50 елінің өкілдері қабылдаған. Осылайша Украинада аталған қуатты зымыран жүйесінің саны 20-ға жуықтамақ

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу