Жыл соңына дейін Алматыдағы «Алма сити» тұрғын үй кешеніне қоғамдық көлік қатынайтын болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жыл соңына дейін Алматыдағы «Алма сити» тұрғын үй кешеніне қоғамдық көлік қатынайтын болады

21.07.2022

Жыл соңына дейін Алматыдағы «Алма сити» тұрғын үй кешеніне қоғамдық көлік қатынайтын болады. Ол үшін Төле би даңғылынан Жүнісов көшесіне дейін жол салынбақ. Бұл туралы қала әкімі жол құрылысымен танысу барысында айтты. Жұмыс сапары кезінде шаһар басшысы жолды сапасыз салған мердігер компанияларға шара қолдануды да тапсырды.

Алматыда асфальттың жаңа түрі сынақтан өткізілуде. Полимерлі битум негізіндегі қоспаны алматылық жол жөндеушілер қолданысқа енгізіп көрді. Жаңа материал әлдеқайда берік және жолдарда ойықтар мен жарықтардың пайда болуына жол бермейді,-дейді мамандар. Пилоттық жоба аясында жаңа қоспамен Гоголь көшесінің үш учаскесі жөнделді.

Ерболат Досаев Наурызбай ауданындағы «Тастыбұлақ» шағынауданындағы жолдардың орташа жөндеу жұмыстарымен танысты. Мұнда ұзындығы 9 шақырымға жуық 6 көшеде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ, қала басшысы «Ақжар»  шағын ауданына барды. Мұнда жалпы ұзындығы 45 шақырым болатын 89 көшеге жаңа жолдар салынуда. Аталмыш жұмыстар келер жылдың соңына дейін аяқталмақ.

Жұмыс сапарының келесі нысаны – Жетісу ауданындағы Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшелірінің қиылысындағы көлік айналма жолы. Бұл нысанның құрылысы ұзаққа созылып кеткен. Себебі, мердігер компания жұмысты созып, сапасыз атқарған. Осыған байланысты әкім бір апта ішінде шара қолдануды тапсырды.

Фариза Мұсақызы


Хабарламаларға жазылу