Атыраулық түлектер тестілеуден неге сүрінді? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атыраулық түлектер тестілеуден неге сүрінді?

25.07.2022

Атырауда білім сапасы сын көтермейді. Мұнайлы өңір биыл Ұлттық бірыңғай тест бойынша республикада ең төмен нәтиже көрсетті. Оның үстіне балабақшалар мен мектептер мемлекеттік аттестациядан өтпей қалған. Саладағы кадр тапшылығы да проблеманы одан бетер ушықтырып тұр. 

Өңірде биылғы оқу жылын 6 мыңға жуық түлек аяқтады. 3700-ден астамы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтініш білдірген. Бір өкініштісі олардың 43 пайызы шекті баллға жете алмады. Ал, білім сынағында бағы жанғандардың бірі - Алмапыс. Ол қатарластарынан оқ бойы озып, 132 балл жинады.

Алпамыс Ризабек, лицей түлегі:

Өз болашағымды инженерия мамандығымен байланыстырғым келеді. Сол шетелде тәжірибе алып, және сол жерде жұмыс тәжірибесін жинағаннан кейін мен Қазақстанға келіп сол инженерия мамандығын дамытқым келеді. Жалпы технология бойынша.

Облыста кадр тапшылығы жыл өткен сайын ушығып барады. Ағарту ордаларында 651 маманның орны ойсырап тұр. Преблеманы тез арада шешу үшін, білім сапасы ақсаған өңірдің абитуриенттеріне 4 мың грант бөлінді. Бұл бастаманың аясында 41 университет есігін айқара ашты. Бірақ мемлекет ұсынған тегін мүмкіндіктен хабарсыз болып шыққандар көп. Әсіресе аудан, ауылдарда ақпаратттандыру тиісті деңгейде жүргізілмеген.

Жанар Сағалиева, Жоғарғы оқу орнының өкілі:

Мына жергілікті халықтардың мақсатты грант туралы ақпаратының төмендігі ма деп ойлап жатырмын. Министрліктің тарапынан бөлінген 4 мың грантты жалпы атырау өңірінің балалары толық игеру керек.

Төмен көрсеткіш көрсетіп отырған қалалық және аудандық мектептер. Сапаны көтеру үшін іс-шара жоспары жасақталды.

Айнагүл Дүйсекенова, Облыстық білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

Қазіргі таңда қай мектеп және қай білім беру бөліміне қарасты екендігі туралы талдау жасап жатырмыз. Себептерін анықтап, алдағы уақытта ҰБТ-ға дайындықты күшейтуге байланысты ұсынымдар берілетін болады. 

Енді білім беру басқармасы жұмысты үйлестіре алмаған мектеп басшыларына тәртіптік шара қолданбақ. Тіпті, кейбір директорлар жұмыстан босауы мүмкін.

Жандос Темірғали

Хабарламаларға жазылу