«Газпром» Еуропаға газ экспортын қысқартады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Газпром» Еуропаға газ экспортын қысқартады

26.07.2022

Ресейдің энергетикалық алыбы «Газпром» Еуропа одағына газ беруді күрт қысқартатынын жариялады. Жаңа шешімге сәйкес, «Солтүстік ағын-1» құбыры арқылы Еуропаға экспортталатын көгілдір отынның күндік көлемі 20 пайызға немесе 33 миллион текше метрге кемімек.

Айта кетсек, өткен айда «Газпром» турбинаны жөндеу қажеттігін алға тартып, «Қарт құрлыққа» газ жөнелтуді бір мәрте доғарған еді.

Еуропа болса, Мәскеуді энергетикалық ресурстарды қарсы пайдаланды деп айыптап, Ресейдің отынынсыз қыстан шығу үшін жоспар түзіп жатыр.

Ресей мұнай экспорттаудан әлемде Сауд Арабиясынан кейінгі екінші, ал газ сатудан бірінші орында тұр. Украинадағы әскери жанжал басталғанға дейін Еуропа бұл мемлекеттен өзіне қажетті газдың 40 пайызын, мұнайдың 30 пайызын импорттап келді.

Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу