Қант бағасы күзге қарай арзандамақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қант бағасы күзге қарай арзандамақ

26.07.2022

Қанттың бағасы күзге қарай біртіндеп түседі. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев осындай болжам айтты. Бірақ ол үшін әкімдіктер нарықты жүйелі реттеп отыру керек дейді ведомства басшысы. Елде қазір қант қат. Тапшылықтың себебі – тәтті өнімнің дені сырттан келеді. Өзіміздің өніммен қамту көлемі 49 пайыз. Яғни, жартысына да жетер-жетпес. 4 қант зауыты жұмыс істейді. Отандық өндірісті дамыту үшін субсидия тұрақты беріліп келеді. Оның өзінде шаруалар қант қызылшасын өсіруден қашады. Себебі - шығыны көп, пайдасы аз. Оның үстіне су тапшы.

Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

Ресей Федерациясының болжамынша, қыркүйек айынан бастап қант экспорты ашылмақ. Өйткені биыл қызылша шығыны да қажетті деңгейде болады деген жоспар бар. Сондықтан шілде, тамыз айларында қант бағасы жоғары болады. Одан кейін біртіндеп баға түсіп, нарықтағы ахуал қалыпқа түседі деп ойлаймын.

Сауда нарығын реттеу үшін заңнамалық өзгерістер енгізіледі

Ал ет бағасының өсуіне ешқандай негіз жоқ. Ортадағы делдалдар қолдан өсіреді. Сондықтан, олардың жауапкершілігін арттыру үшін заңнамалық өзгерістер енгізіліп жатыр. Өйткені, сауда нарығында құқықбұзушылық көп. Жақында бас прокуратура 120-дан аса базарды тексерген. Нәтижесінде бірқатар жүйелік проблемалар анықталған.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ҚР Сауда және интеграция министрі:

Бұл жағынан біз жұмыс істеп жатырмыз. Нарық иелеріне, жауапкершілігін арттыру жағынан заңнамалық өзгеріс енгізіп жатырмыз. Және де жергілікті органдармен надбавканы 15 пайыздан асырмау үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Асима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу