Ел ішінде қатынайтын 800 ден астам вагонның әбден тозығы жеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ел ішінде қатынайтын 800 ден астам вагонның әбден тозығы жеткен

29.07.2022

Ел ішінде қатынайтын 800 ден астам вагонның әбден тозығы жеткен. Вагондарды тұтасымен жаңалау үшін 7 жыл қажет. Оның үстіне жаз шыққалы билет табу нағыз қиямет. Сөйте тұра, қызмет көрсету сапасы сын көтермейді.

Елорданың ескі вокзалы арқылы тәулігіне 36 пойыз өтеді. Ғимаратқа күніне 12 мың жолаушы келіп кетеді. Жолаушылар үшін қазір екінші не үшінші жолға тоқтаған пойызға жету мұң болып тұр. Себебі вокзалдағы 10 эскалатордың бәрі істен шыққан.

Жолаушылар тунель арқылы немесе биік сатымен жүруге мәжбүр. Оның сыртында арбаға таңылған кембағал жандар үшін арнайы жол да қарасытырлмаған.

Дархан Рахымжан, тілші:

Шығарып салушылар мен сапарға шығушыларды қосқанда елорда вокзалына күніне шамамен 25 мың адам келеді екен. Олардың әрқайсысы қолдарындағы үлкен ауыр сөмкелерін көтеріп, осы саты арқылы жаяу көтерілуге мәжбүр. Себебі эскалаторлардың ешқайсысы екі айдан бері жұмыс істемейді.

Мәселеге вокзал басшылығының айтар уәжі бар. Эскалаторларды жөндеуге осыған дейін екі мердігер компания тартылған. Алайда жұмысты созбалаңға салған соң келісім-шарт үзілген:

Ғалым Әбдіханов, Нұр-Сұлтан-1 теміржол вокзалының бастығы:

Эскалатордың бөлшектерін уақытылы әкелмегендіктен, уақыты өткен сайын біз амал жоқ келісім-шартты бұзуға міндеттіміз. Ал ол компанияларды сенімсіз компаниялардың тізіміне енгізу жұмыстары жүріп жатыр. Шағымдар түсіп жатыр. Бірақ біз қолымыздан келгенше біздің кезекшілеріміз бар, таксилеріне дейін жүктерін жеткізіп көмектесеміз.

Жаңа мердігер тамыз айында жұмысты бастамақ. Оның эскалаторларды қашан жөндеп, іске қосатыны белгісіз. Сондай ақ, жаз мезігілінде билеттің тапшылығы басты мәселе боп тұр. Бағасы да қымбат. Тіпті қымбат болса да билет тапай шарқ ұрған жолаушы көп.

Қазақстан Темір Жолы Ұлттық компаниясының өкілдері бұл маусымдық мәселе дейді. Халық жазда жиі сапарлайтын болғандықтан, тапшылық туындайды.

Ерлан Жимайлов, «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директордың маркетинг және сату жөніндегі орынбасарының міндетін атқарушы:

Биыл ел ішіндегі демалыс аймақтарына баратын халық саны артып отыр. Сондықтан билет жетіспеушілігі туындап жатыр. Бірақ жолаушылардан арыз-шағым түссе, соған қарап біз қосымша вагондар тіркеп жатырмыз. Қазір 158 бағыт бойынша пойыздар қатынап жатыр.

Жыл басынан бері теміржол билеттерінің бағасы 7 пайызға қымбаттаған. Алайда, жолаушылардың қызмет көрсету сапасына көңідері толмайды. Соған қарамастан, пойыз жүретін күніне билетті тақау алса және бос орындар санына байланысты билет құны қымбаттай береді дейді темір жол өкілдері.

Дархан Рахымжан

Хабарламаларға жазылу