Дүкен сөрелеріндегі ойыншықтардың 47%-ы қауіпсіздік талаптарына сай келмейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дүкен сөрелеріндегі ойыншықтардың 47%-ы қауіпсіздік талаптарына сай келмейді

01.08.2022

Фенол, фтормальдегид, бензол мен гиптан. Балалардың ойыншығында осы улы қоспалар шамадан тыс артып кеткен. Анайы зерттеу жүргізген санитарлар дүкен сөрелердегі өнімдердің 47 %-і қауіпсіздік талаптарына сай келмейтінін анықтады. Тіпті кей тауардың құжаты да жоқ болып шықты. Ал, сапасы сын көтермейтін ойыншықтардан бала аллергияға шалдығып, тіпті улануы да мүмкін.

Рахым Әмірғожин таңғы астан кейін немересін ертіп, бірден аулаға асығады. Атасы баланың көңілін смартфоннан аулау үшін далаға әдейі ертеді. Сырласады, ойнайды.

Рахым Әмірғожин, қала тұрғыны:

3-тен асты. Ойыншықты өзі таңдайды. Сол таңдағанын аламыз. Қазір ойындар бар нешетүрлі соткадан соны ойнайды.

Иә, қазіргі балалар телефонды қолдан тастамайды. Ал, оны алмастыратын ойыншықтардың сапасы да сын көтермейді. Сырт көзге әдемі болып көрінген қуыршақтың құрамы улы заттарға толы, көбіне техникалық құжаты жоқ.

Зертханалық сараптама барлығы 1499 ойыншыққа жасалды. Оның 706-сы бала денсаулығына қауіпті болып шықты. Тексеріс барысында 21,5 келі ойыншық сатылымнан алынды.

Дамир Тағұлов, Санэпидембақылау комитетінің бас сарапшысы:

Мониторинг нәтижесі бала ойыншықтарының жартысы қауіпсіздік талаптарына сай емес екенін көрсетті. Қытай Халық республикасынан әкелінетін өнімнің 90%-і, отандық өнімнің 1,3%-і, Еуроодаққа мүше елдер өнімінің 9%-і қауіпті деп танылды. Құрамында бала денсаулығына зиян келтіретін фенол, фтормальдегид, бензол, гиптан мен ксилол химиялық элементтерінің нормадан аса жоғары көрсеткіші бар.

Тиісінше бұл элементтер балада улану реакциясын немесе аллергия тудыруы мүмкін. Сондықтан ойыншықтың сыртқы мұқабасында көрсетілген құрамға мұқият назар аударған жөн. Мамандар жауапкершілік бірден ата-анаға түсетінін еске салады.

Раушан Нұрболатқызы, педиатр:

Ойыншықтың өткір иісіне мән беру керек. Яғни, иіс болмау керек. Түсіне мән береміз. Бозғылт түсті болмау керек, қанық түсті болмау керек. Бозғыл түсті баланың қызығушылығын білдірмейді. Түрлі түстісі көзге кері әсерін тигізеді. Ойнаған кезде баланың көзіне жүктеме түседі.

Сауда министрлігінің келтірген дерегі бойынша кедендік бақылауға қарамастан елге заңсыз ойыншық тасымалы тыйылмай тұр. Нормаға сәйкес келмеген тауар өндіруші елге кері қайтарылады. Олар көбіне Қытай мен Ресей мемлекеттерінен экспортталады. Ал қандайда жолмен сол тауар сатылымға шығарылса контрабандалық сипатқа ие болады. Демек, тұтынушының да қырағылығы керек-ақ...

Алла Гаврина


Хабарламаларға жазылу