Тайванға қатысты АҚШ пен Қытай арасындағы шиеленіс күшейе түсті. Пентагон ұшақ тасымалдағыш кемелерін Тайванға жақындатып жатыр деген хабар тарады. Бейжің АҚШ Өкілдер палатасының спикері Тайванға ресми сапармен барса салдары өкінішті болады деп мәлімдеген. Қытай қарулы күштері бірнеше күннен бері әскери жаттығу өткізіп әлек. Ал, азия елдеріне бірнеше күндік турнеге шыққан өкілдер палатасының спикері алғашқы сапарын Сингапурдан бастады. Малайзия, Оңтүстік Корея мен Жапонияға да барады деп жоспарланған. Бірақ Тайвань сапары туралы әзірге нақты ақпарат жоқ.
Энтони Блинкен, АҚШ мемлекеттік хатшысы:
Спикер Тайванға бару немесе бармау туралы шешімді өзі қабылдайды. Конгресс – тәуелсіз, биліктің тең тармағы. Бұған дейін де спикерлер Тайванға барды, Конгресстің көптеген мүшелері де барып жүр, соның ішінде биыл да болған. Сондықтан егер спикер барам деп шешім қабылдаса және Қытай қандай да бір шиеленіс тудыруға тырысса, бұл толығымен Бейжіңнің жауапкершілігінде болады.
АҚШ-тағы лауазымды тұлғалардың Тайванға сапары аралдың тәуелсіздігін қолдаудың белгісі.Бейжіңнің пікірі осыған саяды. Өткен аптада Қытай төрағасы америка басшысына Вашингтон «бір Қытай принципін сақтауы керек және «отпен ойнағандар опат болады» деп ескерткен. Кей басылымдардың хабарлауынша, Пелоси ұшағы техникалық ақау немесе жанармай құю сылтауымен Тайванға қонуы мүмкін.
Жалғас Сәдібекұлы