Тайвань сапары: АҚШ пен Қытай арасы шиеленісе түсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тайвань сапары: АҚШ пен Қытай арасы шиеленісе түсті

02.08.2022

Тайваньға қатысты АҚШ пен Қытай арасында шиеленіс күшейе түсті. Пентагон ұшақ тасымалдағыш кемелерін Тайванға жақындатып жатыр деген хабар тарады. Бейжің Өкілдер палатасының спикері Тайваньға ресми сапармен барса, салдары жақсы болмайтынын мәлімдеген. Бізбен тікелей байланысқа тілшіміз Жалғас Сәдібекұлы шықты. Сонымен Пелоси Тайваньға бара ма?

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Бұл шын мәнінде әлемді мазалаған сұрақ болып тұр. Себебі, алпауыттар тартысқа түссе, дүние жүзіне әсер етпей қоймасы анық. Бірақ екі жақтың да райларынан қайтатын түрлері көрінбейді. Қытай қарулы күштері бірнеше күннен бері аралға жақын жерде әскери жаттығу өткізіп әлек. Ал Ақ үй ресми растамаса да, Пентагон Тайвань маңына соғыс кемелерін әкеліп жатқанын түрлі ақпарат көздері жарыса жазуда. Сингапур Азия елдеріне бірнеше күндік турнеге шыққан АҚШ-тың өкілдер палатасының спикері болса, алғашқы ресми сапарын Сингапурдан бастады. Бұдан кейін Малайзия, Оңтүстік Корея және Жапонияға жол тартады деп жоспарланған. Бірақ Тайваньға баратыны туралы әзірге нақты ақпарат жоқ.

Энтони Блинкен, АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы:

Спикер Тайваньға бару немесе бармау туралы шешімді өзі қабылдайды. Конгресс – тәуелсіз, биліктің тең тармағы. Егер барам деп шешім қабылдаса және Қытай қандай да бір шиеленіс тудыруға тырысса, бұл толығымен Бейжіңнің жауапкершілігінде болады.

Қытай аралды өзінің жері санайды. Сондықтан АҚШ лауазымды тұлғаларының Тайваньға сапарын арандату деп отыр. Өткен аптада Қытай төрағасы америкалық әріптесіне телефон соғып, «Вашингтон біртұтас Қытай принципін сақтауы керек және «отпен ойнағандар одан опат болады» деп ескерткен.

Чжан Цзюнь, Қытайдың Біріккен Ұлттар Ұйымындағы елшісі:

Сіздер білесіздер, кейбір сыртқы күштердің қолдауымен Тайваньның тәуелсіздікке деген ұмтылысы күшейді. Оны тоқтату үшін тиісті шаралар қолданбасақ, жағдай бақылаудан шығып кетуі мүмкін. Егемендігіміз бен аумақтық тұтастығымызды қорғау мақсатында қолдан келгеннің бәрін жасаймыз .

Нэнси Пелоси ресми дәрежесі бойынша Америкадағы үшінші тұлға саналады. Кейбір басылымдардың хабарлауынша, спикердің ұшағы техникалық ақау немесе жанармай құю қажет деген сылтаумен бүгін ертең Тайваньға қонуы мүмкін.

Жалғас Сәдібекұлы

Хабарламаларға жазылу