Украинаның Одесса портынан шыққан астық тиелген жүк кемесі бүгін Ыстамбұл портына жетеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украинаның Одесса портынан шыққан астық тиелген жүк кемесі бүгін Ыстамбұл портына жетеді

02.08.2022

Айдос Әшімұлы, тілші:

27 мың тонна жүгері тиелген «Рацони» атты кеме Ыстамбұлдың Қара теңіздегі портына бірнеше сағаттан соң келуі тиіс. Түркияда құрылған бірлескен үйлестіру орталығы қазір кеменің бағытын сәт сайын нақтылап отыр. Кеме портқа аман есен жеткен соң орталық мамандары оны толық тексеріп, бортына жүгеріден өзге ешқандай зат тиелмегеніне көз жеткізген соң, су көлігі сапарын әрі қарай жалғастырмақ. Кеменің негізгі баратын бағыты Ливияның Триполи қаласы. Одан әрі жүгері азық-түлік таппай қиналып отырған Африка елдеріне жеткізілмек. Арнайы баспасөз жиынын өткізген мамандар бұл жүктің аман есен жетуіне барлық тараптар мүдделі екенін айтып отыр.

Өзжан Алтынбулак, Бірлескен үйлестіру орталығының үйлестірушісі, адмирал:

Кеме жүріп өтетін гуманитарлық дәліздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты барлық мәселелер біздің орталықта бекітілген принциптер мен келісімдерге сай жасалады. Кемені орталықтағы БҰҰ, Түркия, Ресей мен Украина мамандары жіті тексеруден өткізген соң ғана сапарын жалғастырады. Бүкіл әлем назары бізге ауып тұрғанын сезіне отырып, өзімізге жүктелген тарихи міндетті тиісті деңгейде орындаймыз.

 Айдос Әшімұлы, тілші:

Дәл қазір Украинаның Одесса, Южный және Черноморск порттарында дәнді дақылдар тиелген 68 кеме сапарға шығуға дайын тұр. Үйлестіру орталығының мамандары ол кемелердің қашан және қай бағытқа жүретінін нақтылап, алдағы күндері Ыстамбұл арқылы әлемнің түрлі порттарына жөнелтпек. Мамандардың айтуынша бүгінде Украина порттарындағы қоймаларда 22 млн тоннадан аса дәнді дақыл жиналып қалған. Төртжақты келісім аясында бұл астықтың барлығы діттеген жеріне жеткізілуі тиіс.

 Айдос Әшімұлы 

Хабарламаларға жазылу