Атырау мұнай зауытына 5 млн теңге айыппұл салынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау мұнай зауытына 5 млн теңге айыппұл салынды

05.08.2022

Атырау мұнай өңдеу зауытына 5 млн теңге айыппұл салынды. Кәсіпорын экологиялық заңнаманы бұзған. Мәселен, сарқынды судың төгіндісі жайлы мәліметтер дұрыс толтырылмаған. Оған қоса қалдықтардың көлемі туралы кестені зерделеу кезінде деректердің толық ұсынылмағаны анықталды. Қондырғылардың аумағынан пайдаланылған химиялық реагенттер мен өндірістік процесс кезінде істен шығып керексіз болып қалған құралдар табылды. Сонымен қатар зауытта құрылыс қалдықтарын жинауға арналған арнайы жабдықталған орындары да жоқ болып шықты. Экологтар механикалық тазалау қондырғысының маңайынан құрамында мұнайы бар шығарындыларды тапқан. Жалпы жыл басынан бері мұнай өңдеу зауытына қоршаған ортаға келтірген залалы үшін 60 млн теңгенің үстінде айыппұл салынды.

Жандос Темірғали

Хабарламаларға жазылу