Украинадан шетелге астық тиелген 3 кеме аттанды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украинадан шетелге астық тиелген 3 кеме аттанды

05.08.2022

Порттардан 3 кеме әлемдік нарыққа аттанды

Бүгін Украинадан үш кеме жолға шықты. Екеуі – Черноморск портынан, біреуі – Одессадан. Оларға бас-аяғы 58 мың тонна жүгері тиелген.

Су көліктері Ұлыбританияға, Ирландияға және Түркияның Қарасу қаласына аттанып отыр.

Кемелер Ыстанбұлдың Босфор бұғазына жеткеннен кейін тексеруден өтеді. Бұл инспекцияның мақсаты – борттарға қару емес, астық, тыңайтқыш және азық-түлік қана тиелгеніне көз жеткізу.

Антониу Гутерриш, БҰҰ бас хатшысы:

Бүгін біз Одессада куә болған жайт - маңызды бастама. Бұл кемелер - әлемнің азық-түлік нарықтарына жеңілдік пен тұрақтылық әкелетін көптеген коммерциялық тасымалдаушылардың көшбасшылары.

Украина – әлемнің негізгі нан қоржындарының бірі аталып кеткен. Оның астығының шетелге шыға алмауы жер-жаһанда азық-түлік бағасын шарықтатып, дүниеге аштық дағдарысы қаупін төндіріп тұр.

Ал, Украина қоймалары мен порттарында қарулы қақтығыс кесірінен 20 миллион тоннадай бидай мен өзге де дақылдар жиналып қалған. Солардың ондаған мың тоннасы енді ғана экспорттала бастады.

Виталий Кистрица, фермер, астық қоймасының қожайыны:

Биыл әр түрлі дақылдардан жақсы өнім алдық. Қанағат! Ал, қыркүйек айында 2023 жылға егін егуіміз керек. Бірақ астықты сата алмағандықтан, ол шаруаны істей алмай отырмыз.

Әлем нарығында астық бағасы Ресейдің Украинаға басқыншылығынан кейінгі алғашқы апталарда шарықтау шегіне жетті. Бірақ, олардың кейбіреулері әскери жанжалға дейінгі деңгейіне төмендеген. Ал, америкалық Gro Intelligence деректер және сараптама фирмасының мәліметінше, қазір жүгерінің құны 2020 жылдың ақпанындағы дәрежеден шамамен 70 пайызға жоғары. Ал, бидай ақпанның 24-нен бері 63 пайызға қымбаттапты.

Айта кетсек, Ресей мен Украина Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Түркияның арағайындығымен, астық экспортын қайта жандандыру туралы келісімге өткен айда Ыстанбұлда қол қойды.

Арыстан Рысбек 

Хабарламаларға жазылу