Елімізде ұшақ билеттерінің бағасы қымбат. Одан қалды ішкі рейстер уақытанан жиі кешігетін болған. Мысалы «Fly Arystan» компаниясының рейстері өткен айда бірнеше мәрте көрсетілген уақытында әуеге көтерілмеді. Жолаушылардың шағымынан кейін 10 млн теңгеден астам айыппұл арқалады. Бұдан кейін жағдай түзеле ме?
Өскемендік Марат Мағжайып Алматыға жақындарымен қауышуға келген. Билет аларда бағаларды көріп жағамды ұстадым дейді. Ұшақ билеттерін алдын ала сатып алған күннің өзінде бір айлық зенетақымды жұмсадым деп қынжылып отыр.
Марат Мағжайып, жолаушы:
Қазір мен Семейге ұшуым керек билет 57 мың теңге. Бұрын 15-16 мың болатын. Қарапайым азаматтарға өте қиын дүние мынау. Сондықтан бұл жағдайды үкімет қарастырғаны дұрыс шығар.
Ал, «Air Astana» компаниясының басшылары билеттің қымбаттағанын инфляциямен байланыстырып отыр. Одан бөлек Қазақстанның жері кең байтақ, қалалар бір-бірінен алшақ орналасқан, ұзақ ұшу керек болғандықтан баға арзан болмайды деп кесіп айтты.
Питер Фостер, "Air Аstana" компаниялар тобының президенті:
«Fly Arystan» лоукостерінде билеттердің орташа бағасы 48 АҚШ долларын құрайды. Ал, «Air Astana» билеттерінің орташа құны 68 доллар. Бұл Еуропамен салыстырғанда әлдеқайда төмен тариф. Сонымен қатар билеттердің бағасына сіздің сатып алған мерзіміңіз де әсер етеді. Ашығын айтқан жөн, баға әрі қарай өседі.
Билет бағасының өскені бір бөлек, оған қоса әуе рейстері уақытынан әлдеқайда кешігіп келетін болған. Мысалы өткен айда «Fly Arystan» компаниясының рейсі 12 сағатқа іркілген. Жолаушыларға ыстық тамақ немесе жатын орын сияқты қолайлы жағдай да қарастырылмапты. Тиісінше лоукостерге 1000 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
Александр Небого, "Air Аstana" компаниялар тобының вице-президенті:
Жолаушылардың өз рейсін 12 сағат әуежайда күтуінің себебі қонақүйлер бос болмады. Біз оларды кез- келген мейманханаға орналыстыра алмаймыз. Олар бекітілген стандартқа сай болуы қажет. Бүгінгі таңда Алматы қаласындағы 10 қонақ үймен келісімшарт бар. Алдағы уақытта тағы бірнешеуімен келісімге отырамыз және мұндай жағдай қайталанбайды деп үміттенеміз.
Әуе рейстерінің кешігуіне ауа райы, техникалық ақаулар, әуежайдағы шектеулер мен қызметкерлердің жетіспеуі себеп болып отыр екен. Ұшақтардың сағаттап іркілуіне жолаушылар жүгінің көптігі де әсер еткен. Компания басшыларының сөзінше, жұмысшылар оларды ұшаққа уақытылы артып үлгермейтін көрінеді.
Нұрсұлтан Тілектес