Елде жемқорлық фактісі 30 пайызға өскен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елде жемқорлық фактісі 30 пайызға өскен

08.08.2022

Елордада мектеп бухгалтері 197 млн теңге ұрлаған. Қылмыстық ісін 6 жыл қатарынан ай құрғатпай жалғастырып келген. Жалпы, елде жемқорлық фактісі тағы да өсті. Былтырғыдан 30 пайызға көп. Ал Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік қылмыспен күресудің басқа әдісіне көшті.

Асима Нұрбайқызы, тілші:

Елордадағы мына 22 мектеп гимназиясының бухгалтерлері білім ордасын пайдакүнемдер жемсауына айналдырған. Олар 6 жыл бойы бюджет қаржысын жымқырып келген. Қызмет бабын пайдалана отырып, мемлекеттен 197 млн теңге ұрлаған.

Білімге бөлінген қаржыға 4 адам қол сұққан. Қылмыспен келген олжаны директордың орынбасары мен 3 есепші өзара бөліске салып келген.

Жасұлан Дәукенов, Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің жедел басқарма басшысының орынбасары:

Аула сыпырушы қызметкерлері 80 мың алатын болса, олар 180 мың аударып отырған. Сол аула сыпырушыдан 100 мыңды қайтарып беруді талап етіп отырған. Қазіргі таңда сот өндірісі аяқталып сотқа берілді. Соттың өкімі шықты.

Ашкөздіктің ақыры - абақты. Олар 4 жылдан 7 жылға дейін қапасқа қамалды. Ал мына азамат түрін жасырғанмен, қылмысын жасыра алмады. Лауазымын пайдаланып 500 мың теңге пара алған. Алты жылға сотталды. Ісіне өкінеді, бірақ кеш.

Жазасын өтеуші:

Түзеу мекемесіне дейін оны ешкім түсінбейді. Ойлайды бір алам, екі алам маған ештеңе болмайды. Оның арты жақсылыққа әкелмейді. Өзімізден де көріп отырмыз. Түзеу мекемесіне ешкімнің түсуін қаламаймыз. Өйткені, отбасы бар, бала-шаға бар, олардан алыста болу қиын.

Заңсыз жолмен байып қалуға, ебін тауып қарпып қалуға құмартатындар азаймай отыр. Бірақ, қылмыстың үлкен-кішісі жоқ. 10 мың теңге пара алып, ұсталса да сотталады.

Бағдат Амангелдиев, ЕЦ-166/10 мекемесі бастығының орынбасары:

Мемлекеттік қызметкер сот үкімімен 3 жылға бас бостандығынан айырылып, 3 жылға дейін отырып кеткендер болған. Оны көп адам түсіне бермейді. 15 мың теңге қылмысқа жатпайтын шығар мүмкін. Бірақ пара алдыңыз ба заң алдында жауап беруге болады.

Сонда да араны ашылғандарды тоқтату мүмкін болмай тұр. Жемқорлық қылмысы бойынша статистика биыл 30 пайызға бірақ өскен. Жарты жылдың ішінде 1300 іс тіркелді. Барлық деңгейдегі әкімдік қызметкерлері, құқық қорғау органдары мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлері пара берсе ала беруден бас тартар емес.

Әсіресе ауыл шаруашылығы 55 адам, әлеуметтік қамсыздандыру 47, денсаулық сақтау 33, құрылыс 31, білім беру 30 салаларында сыбайластық өршіп тұр.

Мемлекеттік сатып алудың айналасы да ебін тауып екі жеп кетуге дағдыланған. Өйткені, бұл салада жылына 6 трлн теңге айналады. Оның кем дегенде 10 пайызы жемқорлардың қоржынына кетіп жатыр. Әлі күнге дейін сатып алудың 46 пайызы бір көзден алынады. Яғни, бәсекелестік ортаға шықпайды. Оның да арты - қылмыс. Ауыз су, мектеп, аурухана, жол салуға бөлінген қаржы талан-таражға түсіп, соңында зардабын халық көреді. Бұдан былай жемқорлармен күрес тәртібі өзгереді. Бұрынғыдай тексеріс қаржы игерілгеннен кейін емес, керісінше қаражат түскен бойдан бақылау басталады. Яғни, кез-келген жобаны сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік қызметкерлері басынан бастап сүйемелдейді.

Дидар Смағұлов, «Әділдік жолы» қорының жетекшісі:

Қазір мысалы ауылда су салына ма, антикор бірден келеді. Біз сүйемелдеу жасаймыз. Күнде келеміз, күнде тексереміз. Және әкім түсінеді, мына жерден ешқандай ақша алмай-ақ қояйыншы деп. Өйткені антикор оны біледі. Нәтижесінде ешкім ешқандай пара алмайды. Сыбайлас жемқорлық қызметінде ешқандай көрсеткіш болмайды. Бірақ ауылда су болады. Бірақ ол қалай болатытынын біз әлі көреміз. Өйткені ол әлі лозунг ретінде айтылды. Өте керемет бастама. Біз сарапшылар ретінде керемет таң қалдық.

Жоба жүзеге асатын болса шенеуніктер бір тиын да жымқыра алмайды. Өйткені, бөлінген қаржыны билеп-төстей алмайды. Ал Сыбайлас жемқорлық агенттігі бұрынғыдай қаржының ұрланып жатқанын көре тұра, қылмысы дәлелденгенше көз жұмып отыра бермейді. Өйткені олардан енді сыбайластардың статистикасы емес қаражаттың дұрыс игерілуі қатар талап етіледі.

Асима Нұрбайқызы


Хабарламаларға жазылу