АҚШ-та электромобиль сатып алушыларға үлкен жеңілдіктер жасалады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ-та электромобиль сатып алушыларға үлкен жеңілдіктер жасалады

09.08.2022

Ірі корпорациялар мен байларға салынатын салық артып, электромобиль сатып алушыларға үлкен жеңілдіктер жасалады. АҚШ Сенаты климаттың өзгеруімен күрес және инфляцияны азайту туралы арнайы заң қабылдап, оны жүзеге асыру үшін бұл мақсаттарға 430 миллиард доллар бөлуге келісті.

18 айға созылған қызу пікірталастардан кейін АҚШ Сенаты Джо Байденнің амбициялық жоспарын мақұлдады. Қаржының қомақты бөлігі климаттың өзгеруімен күреске, оның ішінде парниктік газдардың таралуын 2030 жылға дейін 40 пайызға төмендетуге бағытталмақ. Әсіресе, америкалықтар электромобиль сатып алса, мемлекет 7500 долларға дейін салықтық несие береді, бұдан бөлек, күн батареяларын орнатқан үйлерге 30% жеңілдік жасалады. Ал бұл мақсаттарға кететін шығынның орнын ірі корпорациялар мен байлардың есебінен жабамыз, дейді. Нақты айтқанда, жылына 400 000 доллардан аса табыс табатындар мен алпауыттарға ең аз дегенде 15 пайыздық корпоративтік салық төлетпек. Республикалықтар заң жобасы қомақты ақшаны ысырап ету, әрі бизнеске орынсыз салмақ салу деп қарсы шыққан.

Алайда демократтар бір ғана дауыс артық жинап, құжатты қабылдап жіберді. 750 беттен тұратын жоба осы аптада Өкілдер палатасының қарауына түседі. Заң бекісе, Байденнің рейтингі көтеріліп, демократиялық партияға қарашадағы аралық сайлауда Конгресстің екі палатасында да орындарын сақтап қалуға әсер мүмкін.

Хабарламаларға жазылу