Алматыдағы Ұлттық ұланның №5571 әскери бөлімінде 19 жастағы сарбаз көз жұмды. Қайғылы жағдай жауынгерлік дайындық кезінде болған. Далалық жаттығу барысында қатты дауыл тұрып, шатырдың темір жақтауы сарбаздың басына тиген. Ауыр жарақат салдарынан қатардағы жауынгер Қонаев қаласындағы қалалық ауруханаға барар жолда қайтыс болды. Одан басқа тағы 14 сарбаз жараланған. Оларға медициналық көмек көрсетілді, денсаулықтарына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Марқұм Ұлттық ұлан қатарына көктемде алынған Ақмола облысының тумасы. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып, тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Асылбек Данияр