Елордалық 9 млн теңгеге алданды. Алаяқтар айылын жияр емес. Бұл жолы адамдар Суич корп деген жалған мобильді қосымша арқылы оңбай алданып жатыр. Сондықтан ішкі істер министрлігі күмәнді сілтемелерді жүктемеуге шақырды.
Рамазанның табан асты тақырға отыруына осы сілтеме себеп. Жарнамасы елітіп әкеткен. Өйткені, оңай олжаға тез кенелуге сендірген. Оның айыбы да осы – алаяқтардың арбауына түсіп, мобильді қосымшаны жүктеп алыпты.
Рамазан Аренов, қала тұрғыны:
Фейсбукте жарнама көрдім. Свич корп деген компания үйден шықпай интернет арқылы табыс табуға шақырды. Қосымшаны жүктеп алдым, бастапқыда 100 доллар салу керек деді. Салдым. Ертесіне маған алғашқы табыс ретінде 18 доллар түсті. Сосын скайп арқылы хабарласып, мен туралы мәліметтерді сұрады. Бәрін айттым. 14-шілде күні форте банктен несие төлеңіз деген смс келді.
Бұл смс хабарлама оны абдыратып тастады. Атына 9 млн теңге несие рәсімделген. Былағы күні қарапайым электрикті маңайына жолатпайтын банк бір сәтте млндаған қаржыны белгісіз есепшотқа аудара салған.
Ол алты баланың әкесі. Үйі жоқ. Саяжайды паналап жүр. Онсыз да қарыздары жетерлік. Енді алаяқтардың тұзағына түсті. 9 млн теңгенің қызығын әккілер көріп жүр, ал қарыз оның мойнында. Өсімпұл күн сайын өсіп жатыр.
Азигүл Аренова, қала тұрғыны:
Егер мәселе шешілмесе, біз аш қалғалы отырмыз. Онсыз да ай сайын 110 мың несие төлейміз. Бұрын да әрең жеткізіп жүр едік, енді жығылғанға жұдырық болып тұр. Күйеуімнің табысынан басқа кіріс жоқ.
Құқық қорғау органдары тергеуді бастады. Жедел іздестіру шаралары жүріп жатыр. Ал әзірге жәбірленушіден өсімпұлды тоқтата тұру мәселесі пысықталуда.
Талғат Жолдасов, Сарыарқа аудандық полиция басқармасы тергеу бөлімі бастығының міндетін атқарушы:
Форте банк басшысына хат жібереміз. Яғни, азамат Аренов біздің қылмыстық іс бойынша жәбірленуші болып өтіп жатқаны туралы және мүмкін болған жағдайда несиесін уақытша тоқтату туралы хат жіберуге дайындап жатырмыз.
Интернет алаяқтықтың құрбаны болған алғашқы жағдай емес. Жыл басынан бері 12 мыңға жуық қылмыстық іс қозғалған. Осы уақыт аралығында қазақстандықтардың 7 млрд теңгесі қолды болған. Бірақ, ұсталғандар бірен-сараң. Себебі, сайда саны, құмда ізі жоқ. Ал екі ортада млндаған қарызды Рамазан сияқты алданғандар арқалап жүр.
Асима Нұрбайқызы