Қант монополистерінің қызметін тексеру керек. Премьер-Министр Әлихан Смайылов экономиканы монополизациялау жөніндегі комиссияның кезекті отырысында осындай тапсырма берді. Елімізде қант негізінен Жамбыл және Алматы облыстарындағы төрт зауытта өндіріледі. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметінше, қанттың шамамен 90%-ын ірі көтерме жеткізуші сатып алған. Оның іс-әрекетінен тауарды айналымнан алып қою белгілері байқалып отыр. Салдарынан қанттың нарықтағы бағасы 700-800 теңгеге дейін көтерілген, ал өндіруші зауыт оны 420-450 теңгеден сатады. Осыған байланысты монополияға қарсы заңнаманы бұзу белгілері бойынша тергеу тағайындалды. Жиында салаға бақылауды қатаңдату, импорттаушыларды биржа арқылы қант өткізуге міндеттеу ұсынылды. Премьер-Министр тергеуді жалғастыруды тапсырды. Әрі отандық қант зауыттарына шикізат сатып алуға «айналым схема» бойынша қаражаттың бір бөлігін жіберу мәселесі пысықталуы тиіс. Премьер мұны Ауыл шаруашылығы мен Сауда және интеграция министрлігі әкімдіктермен бірлесіп атқаруы қажеттігін айтты.
Раушан Сайлауқызы