Қантты арзан бағамен сатамын деп алдаған алаяқ сотталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қантты арзан бағамен сатамын деп алдаған алаяқ сотталды

12.08.2022

Алматыда арзан бағаға қант сатамын деп тұрғындарды алдаған азамат жазаланды. Өзін кәсіпкермін деп таныстырған ол сауда орындарына келушілерді торуылдап, сан соқтырып кеткен.

Бостандық аудандық сотының хабарлауынша, алаяқтың сөзіне иланған жұрт оның шотына ақша аударып жіберген. Қаржыны иемденген азамат кейін бой тасалап, ақыры телефонын өшіріп тастаған. Сот жаза тағайындау кезінде кәмелекетке толмаған баласының барын ескеріп, жазаны жеңілдеткен. Үкім заңды күшіне енді.

Айнұр Батырғали, Бостандық аудандық қылмыстық сотының баспасөз хатшысы:

Алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 3,6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы, сондай-ақ 100 сағаттық мәжбүрлі еңбек тағайындалды. Жәбірленушілердің азаматтық талабы толық көлемде қанағаттандырылды.

Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу