Вашингтонда қарулы адам өзін-өзі атып жіберді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Вашингтонда қарулы адам өзін-өзі атып жіберді

15.08.2022

АҚШ астанасы Вашингтонда тағы да оқыс жағдай. Қарулы адам көлігімен Капитолийдің яғни, Парламенттің қоршауын соғып, аспанға оқ атып, кейін өз-өзіне қол жұмсаған.

Жалғас Сәдібекұлы, журналист:

Ия, бұл жергілікті полицияны мазалаған негізгі сұрақ болып тұр. Бірақ, әзірге оны мұндай қылмысқа не итермелегені түсініксіз. Бір анығы 29 жастағы АҚШ азаматы болып шықты. Тергеушілер қазір оның жақын жуықтарынан түсініктеме алып жатыр. Оқиға таңғы сағат 4-тер шамасында болды. Күдікті мінген көлік Капитолий тосқауылына соғылып, отқа оранады, ал өзі көліктен шығып аспанға бірнеше оқ атқан, ізінше өз-өзін атып өлтіреді. Вашингтон полициясы қаза тапқан адамның депутаттарға қастандық жасауды жоспарлауы мүмкін емес деп санайды. Себебі, конгресмендер сайлаушылармен кездесу үшін өңірлерге кеткен. Бірақ, бұл оқиға Трамптың ісімен байланысы болуы да мүмкін. Федералды тергеу бюросы өткен аптада ғана экс-президентің үйін тінтіп, Ақ үйден өзімен бірге алып кеткен бірнеше құпия құжатты тәркілеген еді. Бір күннен соң Нью-Иорктың Бас прокуроры да Трампты шақырып бірнеше сағат сұрақтың астына алған. Алайда, бірде-бір сауалға жауап бермеген экс-президент құқық қорғау саласы мамандарының әрекетінен саяси астар іздеп, «сайлауға қайта түсуіме кедергі жасамақ»,-деп демократтарды айыптаған. Бұл мәлімдемесі жақтастарының ашуын тудырса керек. Әлеуметтік желі арқылы қоқан-лоққы көрсетуді жиілеткен-ді. Тіпті, федералды тергеу бюросына шабуыл жасап, оқ атқандары да болды. Республикалық партия депутаттары болса, тінту қаншалықты негізді жасалғанын түсіндіруді талап етіп жатыр. Бұған қатысты конгресс деңгейінде тергеу жүргізетіндерін де мәлімдеді. Себебі, АҚШ-та экс-президенттердің үйін тексеру бұрын соңды болмаған-ды.

Жалғас Сәдібекұлы

Хабарламаларға жазылу