Мемлекет басшысы Ядролық медицина орталығына барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Ядролық медицина орталығына барды

15.08.2022

Қатерлі ісік ауруларының көп түрін енді Қазақстанда да анықтауға болады. Елордада жақында ядролық медицина орталығы ашылады. Бүгін Мемлекет басшысы Президент іс басқармасы Медицина oрталығының ауруханасына барып, ядролық медицина орталығын көрді. Емдік-диагностикалық блоктың жұмысымен танысты.

Осыған дейін мына томографиядан өту үшін бір адам кемі 3 ай кезек күтетін. Өйткені, ел бойынша мұндай 3 қана құрылғы бар. Ал қатерлі ісік жас таңдамайтын болған. Обырға шалдыққандар саны жыл санап артып барады. Емді уақытында бастамаса болмайды. Сондықтан бұл томография қазір ауадай қажет.

Айгүл Садуақасова, Ядролық медицина орталығы басшысының міндетін атқарушы:
Бұл томографияның ерекшелігі адам азғазында ісіктің қай жерде тұрғанын, қалай басталып, қайта таралғанына дейін дәлме-дәл көрсетіп береді. Әрі емделу кезеңінің қандай нәтиже бергеніне дейін көруге болады. Сканерлеу жылдамдығы мен диагноз қою сапасы өте жоғары. Әрі радиация әсері төмен. Жылына 7 мыңға дейін адамды қабылдай аламыз.

Ұзынсонар кезек енді жойылады. Оның үстіне бұрын біздің қазақ медицинасы қуық асты безінің қатерлі ісігі, нейроэндокринді түзілімдер, сүйек метастазы сынды ауруларға диагноз қоя алмайтын. Күрделі анықталатын бұл онкологиялық аурулар үшін қазақстандықтар шетелге баруға мәжбүр болды. Бұл томография енді оның бәрін анықтап береді. Әрі кардиология, неврология ауруларын ерте кезеңде нақтылауға таптырмас құрылғы. ТМД, Орталық Азия елдерінде әзірге жалғыз. Сондықтан, медициналық туризмге де жол ашады.

Өндірістік кешені бар бұл тұңғыш ядролық медицина орталығы. Онда 9 радиофарм препарат өндіріледі. Оның сегізі бұрын елде болмаған.

Бағлан Балабеков, Радиациялық қауіпсіздікті бақылау бойынша инженер:
Көріп тұрсыздар ғой, әр түрлі каналдар келіп жатыр. Әр түрлі газдың гелий болмаса сығылған газ барлығы циклатронға келіп түседі. Осы каналдар арқылы келесі бөлімге беріледі.

Мемлекет басшысы сонымен қатар жаңа емдеу-диагностикалық блокты аралады. Мұнда күрделі ауруларға шалдыққан науқастарды емдеу мен оңалтуға арналған 7 терапиялық бөлімше жұмыс істейді.

Ядролық медицина орталығы көп ұзамай жұмысын бастайды.

Асима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу