Жезқазғанда 269 отбасы апатты үйде тұрып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жезқазғанда 269 отбасы апатты үйде тұрып жатыр

15.08.2022

Жезқазған қаласындағы 20-дан астам апатты үйді бұзып, орнына жаңасын салу керек. Тиісінше, ондағы тұрғындарға нарықтағы бағамен өтемақы төленуі тиіс немесе тура сондай баспана беру қажет. Бірақ өкінішке қарай, қабылданған көші-қон бағдарламасы тым баяу жүріп жатыр. Құрылысқа қаржы құюға ешкім құлықсыз, инвестор жоқ. Ал өтемақы көлемімен тұрғындар келіспейді.

Мына үйлер екі жыл бұрын апатты деп танылып, барлығын бұзу туралы шешім қабылданған. Алайда тұрғындар баспананы тастап ешқайда кетпейміз деп отыр. Себебі қалада қабылданған көші-қон бағдарламасы көңілдерінен шықпайды. Оларға апатты үйлердің орнына жаңасы салынып біткенше қала сыртында баспанаға көшу, болмаса пәтер жалдап тұру ұсынылған.

Вячеслав Вилимавичус, Жезқазған қаласының тұрғыны:

Бізге теміржол вокзалының жанында салынған жаңа үйден пәтер ұсынып отыр. Бірақ біз келіспейміз. Орталықтан неге қаланың шетіне көшіп баруымыз керек. Ол маңайда өндіріс орындары орналасқан. Оның үстіне күндіз-түні пойыздың дауысы маза бермейді. Біз өз баспанамыздың орнында жаңа үй салынғанын қалаймыз.

Ал үй орнына өтемақы төлеу мүлде тоқтатылған. Себебі тым аз. Мәселен 2 бөлмелі үйге 4,5 миллион, ал 3 бөлмеліге 5,5 миллион теңгеге ұсынылған.

Қымбат Досова, Жезқазған қаласының тұрғыны: 

Аз беріп жатыр, 4 миллион теңге. Оған бір бөлмелі үй сатып ала алмаймыз. Үйіміз 2 бөлме. Балаларым қазір 1 бөлмелі үй 10 миллион дейді. 4 миллионға білмеймін, сарай да келмейді ғой.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

Жезқазған қаласында барлығы 24 апатты үй бар. 2020 жылдан бастап ескі үйлер бұзылып орнына жаңасын салу жұмыстары қолға алынған болатын. Мінекей алғашқы 4 үйдің орнына мынадай жаңа баспаналар тұрғызылуда.

Алайда бұл тым аз. Тұрғындарды уақытша қауіпсіз жерге көшіру мен жеке инвесторлар есебінен жаңа үйлерді салу жұмыстары тым баяу жүруде. Жергілікті билікпен уәделескен үш құрылыс компанияның тек біреуі ғана жұмыс істеп жатынр. Ескі үйді бұзып, орнына жаңасын салғанша тұрғындарды уақытша баспанамен қамту керек. Бағдарлама шартына сәйкес, ол жұмыс құрылысты қолға алатын инвестордың есебінен жүзеге асуы тиіс.

Алиса Сағымбаева, Жезқазған қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы:

Инвестор табылмай жатыр. Тек қана қазір «Самға» нақты 4 үйдің тұрғындарымен келісім жасап, осы уақытта жұмыс жасап жатыр. Өздері айтты біз есептейміз, қанша үй сала аламыз, қаншасын тегін беру керек тұрғындарға деп. Осы уақытқа дейін олар тұрғындармен ешқандай кездесу жүргізген жоқ.

Соңғы 3 жылда тек 9 үйдің тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілген. Қалған апатты үйлерде 269 отбасы тұрып жатыр. Қалада бұдан бөлек, жаңғыртуды қажет ететін 200 астам көпқабатты үй бар.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу