Шымкентте жаңа үйлердің жылу мәселесі шешілмеген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте жаңа үйлердің жылу мәселесі шешілмеген

15.08.2022

Шымкенттің Тұран шағын ауданында 1 ай бұрын ғана пайдалануға берілген көпқабатты үйлер коммуналдық жүйелерге қосылмаған. Көгілдір отынның жуық арада берілетін түрі жоқ. Жарық пен жол мәселесі де өзекті болып тұр.

Жақында ғана баспаналы болып қуанғандар жаңа үйдің игілігін көре алмай отыр. Өйткені, инфрақұрылым мәслеселі шешілмеген. Әлеуметтік негізде жалдамалы пәтер алғандар үшін көгілдір отынның өзі арманға айналған.

Марат Ишанғалиев, Шымкент қаласының тұрғыны:

Бұлар 80 пайыз бергеннен кейін қосамыз дейді. Жылу бізде автономды, газбен. Сонда халық келмегенше біз жаурап отырамыз ба?

Көшіп келгендер тамақты электр пешпен дайындап отыр. Оның өзі біреуде бар, біреуде жоқ. Жарыққа да сенім жоқ, жиі сөнеді дейді. Тұрғындар құжаттарын құшақтап жауапты мекемеге күнде барғанымен, әлі күнге дейін дербес шотты ала алмай жүр. Себебі бұл көпқабатты үй жобаға енбеген. Қоғамдық көлік пен жол мәселесі де әлі шешілмеген.

Барно Бекметова, Шымкент қаласының тұрғыны:

Ертең балалар мектепке барады. Мына жерден өте алмайды. Жаяу жүргіншілер жолы жоқ бізде. Бір автобусты осы жаққа қарай жүргізсе дұрыс болар еді.

Жауаптылар болса мұндағы жерлердің көбісі жекеменшік болғандықтан, учаскілерді реттеу жұмысы ұзаққа созылып жатқанын алға тартты.

Аудан әкімі де проблеманы шешу қиынға соғатынын жасырмады.

Рақымберді Мүлкеманов, Қаратау ауданының әкімі:

Сіздерге газ беру үшін тұрғындар толық болуы керек. Шамамен 70 - 80 пайыз халық жиналса газ бәрі жаймен қойылады. Бәрі шешіледі. Бұл жерге халық қоныстанып көбейген соң, ол автобусты создырады. Өздері-ақ создырады. Себебі қазір сізге созса 3 адамды алып кеткен оларға да пайдасыз.

Қазір бұл үйлердің жартысынан көбі бос тұр. Өйткені әкімдік тек үш бөдмелі пәтерлерді ғана ғана үлестірген. Сондықтан көшіп келгендерге көршілердің көбейгенін күтуден басқа амал жоқ.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу