АЭС құрылысы бойынша Қазақстан Түркия жолын таңдай ма? Әзірге еліміздегі атом стансасын қандай технологиямен және қай елдің компаниясы салатыны жөнінде нақты шешім қабылданған жоқ. Тек халықаралық тәжірибе зерттеліп жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның тәжірибесін зерделеуді тапсырған. Осы мақсатпен Қазақстанның бір топ өкілі Анадолы жеріне барып, Мерсин провинциясындағы «Аккую» атом электр стансасының құрылысымен танысты. Делегация құрамында энергетиктер, қоғам белсенділері мен депутаттар да бар. Басты назар қауіпсіздік ережелері мен инфрақұрылым мәселелері қалай шешіліп жатқанына аударылған.
Құдайберген Ержан , ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Атом стансасын құрсақ, өте тиімді болатынына көзіміз жетіп тұр. Өйткені уранның, атом стансаларының негізгі қуат күші уран өзімізде бар. Сондықтан бізді зияны, оның тиімділігі қанша, халқымыздың амандығы, экологиямыздың тазалығы ойландырады. Сол себепті осы сапарымызда алаңдарды қарап шығып, қаржы жағынан да, қауіпсіздік жағдайын да қадағалап жүрген жайымыз бар.
«Аккую» алаңында атом электр стансасын салу және пайдалану саласындағы ынтымақтастық бойынша Түркия мен Ресей 2010 жылы келісімге келген. Бұл – Түркиядағы алғашқы АЭС. Жоба бойынша жиынтық қуаты 4 800 мегаватт болатын төрт энергия блогын қамтиды. Құрылыс 2018 жылы басталған. Бірінші блогы 2023 жылы, яғни Түркияның құрылғанына 100 жыл толуына орай пайдалануға берілмек. АЭС тәулігіне 24 сағат және апта бойы қоршаған ортаға зиян келтірмей үздіксіз қуат өндіруі тиіс.