Ақтөбе облысында 430 мұғалім жетіспейді. Математика мен орыс тілі мамандарына деген сұраныс жоғары. Амалдың жоқтығынан көптеген мектеп жұмысқа зейнеткерлерді шақыруға мәжбүр. Мәселе қалай шешілмек?
Алыс ауылдарды айтпағанның өзінде, облыс орталығындағы мақтаулы мектепте маман тапшы бар. Мәселен, 51-інші мектеп-гимназияға 6 маман керек.
Мәриям Рахметова, №51 мектеп-гимназия директорының орынбасары:
Орыс тілі мен әдебиетіне 4 бос орын және информатикаға 2 бос орын. Біз әлеуметтік желі, инстаграм арқылы және жұмыспен қамту орталығына тапсырыс беріп қойдық.
Мұғалім болам дегендер алдымен біліктілігін дәлелдеу керек. Ақжоныс Ерхалиева осыған дейін 16 жыл колледжде жұмыс істеген. Сағаты қысқарған соң, мектепке жұмысқа орналасуға ниетті.
Ақжоныс Ерғалиева, Информатика пәні мұғалімі:
Мұғалім өте қажет мектептерге. Сол үшін өз білімімді сынағым келді. Жаңа технологиямен жұмыс істегім келді. Өзімді басқа дәрежеде көргім келеді.
Маман тапшылығы жергілікті жоғарғы және арнаулы орта білім ордасын биыл бітірген 1000-ға жуық жас маман арқылы шешілуі тиіс. Соның өзінде орыс тілі мен әдебиеті, математика және орыс тілінде білім беретін мектептерге бастауыш сынып мұғалімдерінің жетіспеушілігі өзекті мәселе болып қала бермек.
Арсен Хасен, Облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:
Бұл мәселелерді шешу үшін жергілікті әкімдік, облыс әкімінің гранты бөлініп отыр жыл сайын. Биыл сондай 16 түлек жұмысқа орналасады. Шалғай ауылдарға, Ақтөбе қаласына, аудан орталықтарына барады. Олар 3 жыл отработка жасауға міндетті. Бұнымен қоса алда бітіретін студенттеріміз бар, биылғы жылы тағы 32 грант бөлініп отыр.
Дегенмен, бұл жұмыстар мәселені түбегейлі шешуге көмектеспейді. Сондықтан 200-ге жуық зейнеткер мұғалім жұмысқа қайта шақырылған. Олар мектеп басшылығымен бір жылға келісім шарт жасайды. Ал, мәселе шешілмесе, зейнеткер мұғалім өз еркімен жұмысын одан әрі жалғастыруға құқылы болмақ.
Жақсыбек Кемал