Егін науқаны: Диқандар астық тасымалына тыйым салуды ұсынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Егін науқаны: Диқандар астық тасымалына тыйым салуды ұсынды

22.08.2022

Қазақстандық диқандар Ресейден автомобиль жолдары арқылы келетін астық тасымалына тыйым салу керек дейді. Өйткені күре жолмен келетін бидай импортының есебі жоқ. Әрі қосымша құн салығы мен кедендік алымдар төленбейтіндіктен бидайдың бағасы түседі. Бұл жағдай отандық шаруаларды шығынға батыруы мүмкін.

Елімізде егін науқаны қызды. Биыл бидайдың түсімі мол болғандықтан диқандар өнімді шашау шығармай жинап алуға барын салуда. Биыл жүздеген гектар жерге соқа салған Керімқұл Бегалиев бидай арзандаса ала жаздай еткен еңбек пен төккен тер текке кете ме деп алаңдайды.

Керімқұл Бегалиев, диқан:
Ресейге пияз анау мынау апарады, қайтар жолда бос қайтпайын деп кәсіпкерлер бидайын салады да Қазақстан аумағына кіргізіп арзан бағада сатып кетеді. Олардың алып келіп жатқан тауарлары көп болып, баға түсіп жататын болса біз өзіміз өндірген өнімді сата алмай бекерден бекер зиян шегіп қалудың қаупі бар.

Шілде айынан бері Ресей астық экспортына шектеуді алып тастады. Қазір бидай көп тасымалданып жатыр. Астық бағасының арзандауына көлікпен тасылатын бидайдың да әсері үлкен. Астық өндірушілер қауымдастығы есептеу жүйесі қалыптаспаған тасымалдың бұл түрін алып тастамаса бағаны бақылау қиын дейді.

Қазыбек Омаров, «Қазақстан астық одағы» ЗТБ ресми өкілі:
Қосымша құн салығы дейміз НДС сол төленбейді. Ол дегеніміз мемлекеттік бюджет одан пайда таппайды. Салық төленбегендіктен арзан болады. Ол ауылшаруашылығы өнімін өндірушілерге зияны тиеді.

Биыл Ресейде астық өнімдерін жинау рекордтық көрсеткішке жетеді деп болжануда. Әрі теміржол арқылы жеткізілген бидайдың өзі былтырғыға қарағанда 47 пайызға өскен. Сондықтан жауапты министрлік шаруалардың ұсынысы орынды дейді.

Назгүл Хатепова, АШМ Аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаментінің директоры:
Оның ең негізгі себебі болып бізге импортталатын бидай көлемінің тіркеуден тыс қалып қалмауы үшін және реэкспортқа кетіп қалмауы үшін қабылданатын шараларға негізделеді. Қазір ұсынысты министрлік басқа да өкілетті оргондармен бірге қарастырып жатыр.

Биыл елімізде 14.5 млн тонна астық жиналады деп күтілуде. Жыл сайын ел аумағына Ресейден 1,5- 2 млн тонна астық тасымалданады. Оның жартысынан астамы көлікпен келеді. Шаруалар қыркүйек айынан бастап автомобиль жолымен келетін бидайға тыйым салмаса, бұл көрсеткіш 3 млн тоннадан асып кетуі ықтимал дейді. Ал, бидай бағасы тым арзандап кетсе шаруалардың шығыны ақталмай қалуы мүмкін.

Сәбит Әлдебай


Хабарламаларға жазылу