Қарағандыда оқу құралдары мен киім жәрмеңкесі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағандыда оқу құралдары мен киім жәрмеңкесі өтті

23.08.2022

Қарағандыда мектепке қажетті тауарлардың жәрмеңкесі өтіп, отандық өнімдер арзан бағамен сатылды. Мысалы, 12 беттік дәптер 30 теңгеден болса, күнделік 400 теңгеден ұсынылды. Сауда сөресіндегі барлық тауардың құны нарықтағы бағадан 20 процентке арзан. Енді жәрмеңкені облыстың барлық аудан, қалаларында өткізу жоспарланып отыр. Жалпы тамыз айының 1-нен бастап «Мектепке жол» шарасы аясында әлеуметтік аз қамтылған 800 отбасыға көмек көрсетілген. Ал «Жалпыға міндетті оқу» қорынан қолдауға мұқтаж 15 мың оқушының әрқайсына 37 389 теңгеден ақша бөлінді. Жаңа оқу жылында аймақтағы 406 мектепте 170 мың бала білім алады. Оның 17 мыңы бірінші сыныпқа барады.

Кенжегүл Керімқызы, қала тұрғыны:

Оқушылар жәрмеңкесі болады деген соң арнайы балаларымды ертіп келдім. Жәрмеңке ұнады. Шынында күнделікті базардан, дүкеннен алып жүрген бағалардан төмен.

Гүлдана Нұрсұлтан, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:

Бұл акцияның мақсаты – аз қамтылған отбасылардың балаларына мектепке жиналуға көмек ретінде ұйымдастырылды. Бүгінгі таңда барлық жеке кәсіпкерлер, меценаттар, жекелеген азаматтар болсын, осындай осал топтан шыққан балаларға көмек көрсетуде. Бүгінгі жәрмеңкеде барлық мектеп формасы мен кеңсе тауарлары арзан бағалармен ұсынылды.

Руслан Нұрланұлы, Бекзат Сәбитұлы

Хабарламаларға жазылу