БҚО-да тұрғындар шатырларда күнелтуге мәжбүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БҚО-да тұрғындар шатырларда күнелтуге мәжбүр

23.08.2022

Оқу жылының басталуына санаулы күн қалды, ал су кетіп құлаған мектеп әлі жөнделмеген. Батыс Қазақстанда көктемгі су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың мәселесі әлі шешілер емес. 30-ға тарта үйі суға кеткен Шалғын ауылында баспана салу ісі тым баяу жүріп жатыр. Тұрғындар шатырларда күнелтуге мәжбүр. Кейбірі тіпті қорада тұрып жатыр.

Шалғын ауылын наурыздың соңында су басқан еді. Содан бері міне, 5 ай өтті. Алайда тұруға жарамсыз деп танылған 23 үй әлі тапсырылмаған.

Үміт Бекжанова, ауыл тұрғыны:
Осы қораның ішінде тұрамыз үш ай боп қалды уже. Міне, мынаның ішінде мал тұрады қыстай. Қазір біз тұрамыз. Ар жағында сауынды сиыр тұрады баспақтармен, бер жағында өзіміз тұрамыз. Мына құйттай жерде тамақ ішеміз. Мынаған жолдасым жатады. Сыймаймыз ғой, мен ананың ішінде жатам, палаткада. Жаңбыр да жаңбыр, салқын түнде. Палатка дегені жұп-жұқа мата ғой.

Баспанасынан айырылған Мереке Шадияр да сарайда тұрып жатыр. Үйдің іргетасы әлі қаланбаған. Құлаған қора мен арам қатқан малдың өтемақысы да берілмеді дейді ол.

Мереке Шадияр, ауыл тұрғыны:
Жаз бітті ертең фундамент кеппейді, үй салынбайды. Сонда біз қайда барамыз. Шиеттей үш немерем бар. Ол неғылған ақша бөлінбейтін?! Үкімет қайда қарап отыр?! Білмеймін енді қайда барамыз? Өзің түсірдің ғой, осы құлаған қораның ішінде қырылған малды да көрдің. Әлі салып жатырмыз қораны.

Ауылда 200-ге тарта тұрғын бар. Қазір суға кеткен 6 үйдің ғана кірпіші қаланып жатыр. Мұнда мектеп пен медициналық пункт те тасқын судан құлаған .

Дәлірегі, «мәдениет үйі» деп ауыз толтырып айтуға келмейтін, 60-жылдары салынған ауыл клубында 41 бала білім алмақ. Сахна мен залы тақтайша арқылы сыныптарға бөлінген. 20 мұғалім еңбек етеді.

Айнұр Мұқанова, Шалғын негізгі мектебінің мұғалімі:

ГВЛ мен бөлінгеннен кейін, әрине, қиындықтар болды. Мына сыныпта сабақ беріп жатқанда мұғалім дауысы екінші сыныпқа естіледі. Қаншама әдеби кітаптар суға кетті. Компьютерлер, блоктар. Шкафтар, парталарға су кіргесін аралары ашылып, жарамсыз күйде тұр.

Ал жаңа мектеп ғимаратының құрылысы әлі басталмаған. Қаражат «Қазақстан халқына» қорынан бөлінуі тиіс.

Қадыржан Сүйеуғалиев, Қаратөбе ауданының әкімі:

Мектептің 30 пайыз қаражаты берілді. Үйлерге келсек, бір үйге 24 млн, жалпы 23 үйге 570 млн теңге айналасында. Сол қаражат келу керек, әлі келген жоқ. Тиісті қаражат толық бөлінсе, қарқынды жұмыспен бітеді деп есептеймін.

Үйлердің құрылысы қазанда, ал мектеп ғимараты қаңтарда аяқталады деп жоспарланған. Көктемгі тасқында 50-ге тарта ірілі ұсақты мал өлген. Ол үшін өтемақы аудандық қордағы 5 млн теңге қаржыдан берілмек. Ауылдықтар осылай деп үміттеніп отыр.

Ардақ Мұратқызы


Хабарламаларға жазылу