Еңбегіне қарай өнбегі! Күнделікті тұтынатын нанды дайындауда қыруыр еңбек жатқанын елей бермейміз. Алматы облысындағы бидай өңдеу және мал азығын шығаратын зауытта қарапайым еңбегімен еленген азаматтар аз емес.
Фатима Аймағамбетованың қызметі қауырт. Зауыттағы үздіксіз жүріп жатқан үрдістен бір сәтке де қалыс қалмауы қажет. Ол өңдеуден өткен дайын өнім - ұнды қаптап, бетіндегі таңбасын тігіп отырады. Осы өндіріс орнында Фатима 16 жылдан бері еңбек етіп келеді.
Фатима Аймағамбетова, ұн қаптаушы – оператор:
Пандемия кезінде, қаңтар оқиғасы кезінде жұмысымыз тоқтамады. Халық аш қалуға болмайды, тұтынатын тағам жіберетін болғаннан кейін бізде тоқтаған жоқ жұмыс. Адал тапқан нан әрдайым жемісін береді. Біз төрт баланы осы жерден адал тапқан нанымызбен асырап жатырмыз.
Аталмыш кәсіпорын 1999 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Мұнда ұн өңделеді, крахмал-сірне шығарылады, мал азығы әзірленеді. Сол жемді әзірлеп, құрамын реттейтін қызмет бар мұнда. Соны абыроймен атқарып жүрген - Сайлаубек Бейсенбеков.
Сайлаубек Бейсенбеков, Құрама жем зауытының грануляторшысы:
Өзің жақсы болсаң, барлығы жақсы. Оқымасақта осы жұмыстың арқасында үйреніп, соның арқасында нан жеп отырмыз.
Еңбегіне адал маман тынымсыз тірлікке үйренген. Ол жемнің сұрыпталып, өңделуін қадағалап, ауыр қаптардың қоймаға жеткізілуін қамтамасыз етеді.
Мұнда тәулігіне 1200 тонна ұн шығарылады. Өнімнің 50 пайызы шетелге жөнелтіледі. Бұл зауытта қарапайым қызметте отбасымен түгел жұмыс істейтін династиялар бар.
Саян Әшенов, зауыттың директоры:
Бізде тоқтаусыз үрдіс болғасын, әр маманның еңбегі елеулі. Қызметкерлеріміз үмітті ақтайды. Мәселен жыл сайын компания атынан 50-70 қарапайым қызметкерді елдегі санаторийлерге жіберіп отырамыз. Шетелге шығарған кездеріміз болды. Қарпайым еңбек адамдарының өсуіне жағдай жасаймыз. Кезіндегі ұста, жүк тасушылар бүгінде цех басшысы, бөлім жетекшісі қызметіне тағайындалған.
Кейіпкерлеріміз ортада сыйлы. Абыройлы ісінің арқасында тұрақты түрде жалақы алып, адал нан табуға болатынын біледі. Маңдай термен келген табыс жетістікке жетелейтініне сенімді. Осы өнегені бала-шағасына да дәріптеуді көздейді.
Фариза Мұсақызы