Үш сағатта 2 млн теңге. «Запорожец» көлігімен жол апатына түскен павлодарлық қарияға көмектесу үшін желі қолданушылары осыншама қаржы жинаған. Тіпті, семейлік азамат өзінің жаңа «Запорожец» көлігін зейнеткерге тегін бермекші.
Естеріңізге сала кетейік, осыдан екі күн бұрын соғылған «Запорожец» көлігі жанында ұнжырғасы түсіп, мұңайып тұрған 85 жастағы Ефим Купиннің суреті әлеуметтік желіге салынған болатын. Іле желі қолданушылары қарияға көмектесу үшін банк картасын ашып, ақша жинауға кірісті. Бір күн ішінде түскен қомақты қаржы зейнеткердің кінәсінен бүлінген шетелдік көлікті жөндеп беруге молынан жетеді. Одан бөлек, «Запорожец» емес, «Жигули» сатып алуға да жеткілікті. Қазақстандық тұрғындардың жанашырлығына тәнті болған Ефим Купин көпшілікке алғысын жеткізді
Ефим Купин, Павлодар қаласының тұрғыны:
Қажетті қаржы артығымен жиналды. Ақша жіберуді тоқтатуды сұраймын. Аман болыңыздар, сіздерге бақыт тілеймін!