Елордада ғылым және жоғары білім форумы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада ғылым және жоғары білім форумы өтті

25.08.2022

Елімізде «Білімді қоғам мәдениетін қалыптастыру» тұжырымдасы әзірленбек. Жаңа экономикалық саясатты іске асырып, халық табысын арттыру үшін азаматтардың білім деңгейі мен мәдениеті шешуші рөл атқарады. Бұл жайында Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов «Адами капитал – жаңа Қазақстан дамуының негізгі ресурсы» атты ғылым және жоғары білім форумында айтты. Ол үшін отандық жоғары оқу орындарында білім алушылар бойына білім мен біліктілікке құштарлықты, қоғам алдындағы жауапкершілікті қалыптастыру қажет. Енді кейбір университеттерге академиялық еркіндік берілмек. Алайда, жоғары оқу орындарының дамуын әрдайым министрлік бақылауда ұстауы тиіс. Вице-премьер осыған байланысты университеттер қызметін бағалаудың жаңа критерийлерін әзірлеуді тапсырды. Жиында алдағы үш жылда ғылымды дамытуға қанша қаражат бөлінетіні де айтылды. Келер жылы ғалымдарға мемлекеттік сыйлық-ақылар мен стипендияларды төлеуге 1,5 млрд-тан астам қаржы бөлу жоспарланып отыр.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

Құндылыққа негізделген оқыту - қоғам алдындағы жоғарғы әлеуметтік жауапкершілігі бар тұлға қалыптастыруға мүмкіндік беретіне мен сенімдімін. Сондықтан ағайын құндылыққа негізделген деген сөзді бекерге айтып отырған жоқпын. Осының бәрін бірге атсалысып қарастырсақ талай дүниелерді шешуге болады деп ойлаймын.

Сәбит Әлдебай

Хабарламаларға жазылу