Дәрігерлер дабылы: Энергетикалық сусындар денсаулыққа аса зиян - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дәрігерлер дабылы: Энергетикалық сусындар денсаулыққа аса зиян

26.08.2022

Жүрек соғысын жиілетіп, тамырларды бітеп, соңы өлімге соқтыруы мүмкін энергетикалық суысындардың саудасы жүріп-ақ тұр. Олар адам психологиясына әсер етіп, бауыр мен бүйректі де зақымдайды. Көп ішкендер күйзеліске түсіп, ашушаң, төзімсіз, агрессивті бола бастайды. Дәрігерлер қауіпті судан келетін қатерлі ауруларды да атады. 

Қымбат Ашкеева осыдан бірер жыл бұрын энергетикалық сусынға еріксіз байланды. Тіпті, таңнан кешке дейін тұтынатын ас ауқатына айналған. Күніне 5-6 құтысын тұтынады. Бірақ, соңы жақсылыққа апармады. Жансақтау бөлімінен бірақ шықты.

Қымбат Ашкеева, Алматы қаласының тұрғыны:

Асқазаным ауыра бастады. Нерв, ұйқым бұзыла бастады. Күніне 2-3 сағат ұйықтап. Мидың да жұмысына кері әсерін берді. Сосын артық салмақ қосып алдым.

Сиқырлы сусынның зардабын көргендер туралы ресми мәліметті министрлік осы күнге дейін жинамапты. Алайда әлеуметтік желідегі сауалнамада сан соққандар жетерлік.

Ұйқыашар деп тәтті суға тәуелді болғандар көп. Әсіресе түнімен жұмыс істейтіндер, көлік жүргізушілері сергіткіш сусынға құмар. Соңғы уақытта жастар арасында да сәнге айналғандай.

Елімізде энергетикалық сусындарды білім беру нысандарында ғана сатуға тыйым салынған. Ал қалған орындарда бұл сусынның сан түрі самсап тұр. Қауіптісі сол балалар емін еркін алып ішеді. Бүлдіршіндердің 18 пайызы семіздікке ұшыраса, үлкендер арасында қант диабетімен ауыратындар көп. 400 мыңға жуық адам есепте тұр.

Аягүл Айнабай, гематолог, Медицина ғылымдарының кандидаты:

Ол біріншіден жүйке жүйесіне әсер етеді. Оқуға білімге, қабілеттің төмендеуі, еңбекке қабілеттің төмендеуі, тіпті психологиялық тұрғыда әсер етуі мүмкін. Келесі әсер ететіні, жүрекке қан қысымы жоғарылайды. Жүректің тамырларының спазмы нәтижесінде миокард инфарктісі болуы мүмкін.

Зиянды сусынның басым бөлігі шетелден импортталады. Биыл денсаулық сақтау министрлігі 364 энергетикалық сусынның құрамына тексеру жүргізген. Нәтижесінде талапқа сай келмеген өнімдер анықталған.

Аяжан Қалқабекова, ҚР ДСМ санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ресми өкілі:

30 өнім техникалық регламентке сай келмеді. 5 өнім қауіпсіздік көрсеткіштері бойынша, 10 өнім физикалық-химиялық көрсеткіштер бойынша 17 өнімнен таңбалау бойынша сәйкессіздіктер анықталды. Бұлардың барлығы импорттық өнімдер.

Дания, Түркия, Норвегия, Исландия, Ақштың бірқатары штаты бұл сусыннан түбегейлі бас тартты. Еуропаның біраз елінде жасөспірімдерге сатылмайды. Ал Қазақстанда сатуға тыйым салу мәселесін депутаттар осыдан 4 жыл бұрын көтергенімен ұсыныс іс жүзінде жүзеге асқан жоқ.

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу