Елордада «Қорқыт туралы аңыз» пластикалық спектаклі қойылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада «Қорқыт туралы аңыз» пластикалық спектаклі қойылды

31.08.2022

ЕлордадаТүркістан музыкалық драма театры «Қорқыт туралы аңыз» қойылымын көрсетті. Көрермен назарына ұсынылған туынды шынымен ерекше. Пластикалық спектакль. Яғни әртістер оқиғаны, кейіпкерлердің ішкі сезімін бимен бейнелейді. Қойылым әуендерін композитор Хамит Шанғалиев жазған.

Пластикалық спектаклі шығармашылық ұжымға жаңа леп берген. Қойылым алдымен Түркістанда көрсетілді. Театрдың балет әртісі Бақытнұр Дүйсенбаева дайындықтың қиын болғанын айтады. Өйткені тың дүние көп болған.

Бақытнұр Дүйсенбаева, Түркістан музыкалық драма театрының балет әртісі:

Біз өзіміз балет әртістеріміз. Біздің жанрымыз өте бөлек. Ал бұл бізге жаңа, денемізді басқаша сезінуге алып келді. Сондықтан эксперимент көп болды. Бірақ өте қызықты болды.

Қойылым жазушы-драмматург Ермек Аманшаевтың либреттосы бойынша қойылса, би қимылдарын ресейлік балетмейстер Константин Семенов сахналаған. Спектакльде Қорқыт бабаның өмірі баяндалады. Дүниеге келуі, қобыздың жасалуы, жер бетін араздыққа толтыруға тырысқан сиқыршымен арадағы мәңгілік қақтығыс заманауи хореография тілімен әсерлі бейнеленген.

Константин Семенов, қоюшы режиссер, балетмейстер:

Спектакльді ойластырғанда басты екі тақырыпты ашу мақсатымыз болды. Ол атың аңызға айналған Қорқыттың өмірі. Екінші, оның адамдарға деген жанашырлығы. Өлім сөзсіз ақиқат. Басты кейіпкердің өліммен күресу әрекеттері - ол өлімді қабылдау айқын суреттелді.

Қойылымның дайындығына бас-аяғы бір жарым ай уақыт кеткен. Театр жетекшілерінің айтуынша, мұндай пластикалық спектакль Қазастанда бірінші рет сахналанып отыр.

Әсем Әлдибекова, Түркістан музыкалық драма театры директорының шығармашылық жөніндегі орынбасары:

Біздің басқа драма театрлардан өзгешелігіміз бізде балет труппасы бар. Бұл театрдың екінші гастрольдік сапары. Бұл жолы көрермендерге ерекше жанрдағы қойылым ұсынып отырмыз. «Қорқыт туралы аңызды» босқа таңдаған жоқпыз. Пьесасы көпшілік жүрегінен жол тапқан.

Құрылғанына бір жыл болған жас театр көрерменге ұсынатын әр туындысына жаңа технологиялар мен арнайы эффектілерді қолдануды әдетке айналдырған. Соның бір дәлелі «Қорқыт туралы аңыз» спектаклде жаңбыр мен тұман сынды табиғат құбылыстар дыбыстық, визуалдық эффектілермен көрсетіледі.

Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу