Семей полигонының жабылғанына 31 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семей полигонының жабылғанына 31 жыл

31.08.2022

Осыдан 31 жыл бұрын Семей полигоны жабылды. Қазақ даласына ең үлкен қасірет алып келген полигон аймағында 1991 жылдың тамызында тыныштық орнады. Содан бері Абыралыда ядролық қарудың салдарымен күрес жүріп жатыр.

42 жыл ішінде 500-ге тарта атом бомбасы жарылған. Оның тең жартысы жер бетінде сыналған. Ядролық қарудан сол аймақ тұрғындары тегіс зардап шекті.

Бекен Көпбаев, Абыралы ауданының тумасы:

16 совхоз сол Дегелең тауының бауырында екен. Сол совхозда қаншама адам бар, шамасы 10-15 мың. Сонда сол жерде ашық аспан астында сынаған. Жарылыстан кейін ауылға келгенде, ауылдағы мысық, ит қалып қояды ғой. Сондайлардың бәрі тырдай.

Полигон қасіреті турасындағы туындылардың ішінде жазушы Роза Мұқанованың қаламынан туған «Мәңгілік бала бейненің» орны ерекше. Шығармаға жасы он алтыдан асса да сәби қалпында қалған бойжеткен арқау болған. Қаламгер осылайша бүкіл адамзат баласына ортақ трагедияны жеткізуге тырысты.

Роза Мұқанова, жазушы:

Былай қарасаңыз, өте үрейлі ғой адамның өспей қалуы. Адамның жетілуінің тоқтап қалуы. Бұл бір ғана сол Қарауылдағы Ләйләнің трагедиясы емес, бұл біздің ұлттың трагедиясына айналған тақырып.

Жарылыстардың тоқтағанына отыз жылдан асса да, салдарымен күрес толастаған емес. Курчатовтағы ядролық орталықтың мамандары жыл сайын реактивті қалдық ошақтарын анықтап, залалсыздандырумен айналысып келеді. Мақсат- радиацияның ауа, су, топырақ арқылы таралуына тосқауыл қою.

Александр Осинцев, Ұлттық ядролық орталықтың бөлім басшысы:

Соңғы ауқымды жұмысымыз 2020 жылы аяқталды. Ұлттық ядролық орталық «Тәжірибе алаңы» аталатын аумақта 3 миллионнан астам гамма-спектрометрлік талдаулар жасады. Осы зерттеудің арқасында барлық қауіпті нүктелер анықталды. Кейбір зиянды қалдықтарды жинап, өңдеуге өткіздік. Ал кей нысандарды реактивті заттар сыртқа шықпайтындай етіп бекітіп тастадық.

Ресми мәлімет бойынша, Семей полигонындағы ядролық сынақтан 1,3 миллион адам зардап шекті. Бүгінде сынақ алаңының аумағында тұруға тыйым салынған.

Хабарламаларға жазылу