Мемлекет басшысы: Әлеуметтік мәселелер дер кезінде шешілуі керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы: Әлеуметтік мәселелер дер кезінде шешілуі керек

01.09.2022

Президент көктемде Алматы облысының агломерациясын ескеріп, Жетісу облысы құрылатынын айтқан болатын. Бүгінде екіге бөлінген қос аймақ жеке дара даму жоспарын құрып, Жолдауда айтылған міндеттерді орындауға кірісті. Ал осы жолғы Жолдауда мемлекет басшысының әлеуметтік мәселелерге басымдық бергені қарапайым тұрғындардың көңілінен шықты.

Кербұлақ аудандық аналар кеңесінің төрайымы Ғалия Ақбасова мемлекет басшының мәлімдемесін отбасымен бірге тыңдады. Көпбалалы ана балаларға арнайы есеп шот ашып, оған ұлттық қор табысынан қаржы аударып отыру өте ұтымды ұсыныс екенін айтады. Бірнеше бала тәрбиелеп отырған және аз қамтылған отбасылармен жиі хабарласатын іскер әйел атаулы әлеуметтік көмек пен балалар жәрдемақысының мерзімін ұзарту мәселесі де өте орынды дейді.

Ғалия Ақбасова, Кербұлақ аудандық Аналар кеңесінің төрайымы:

Бұл енді балалар өздері өскеннен кейін, 18 жасқа толғанда біліміне, денсаулығына, мүмкін жеке кәсіп ашатын шығар, осы дүниелерге керекті қаржы деп ойлаймын. Және ата-аналарына үлкен көмек. Бұл жақсы үрдіс. Сондықтан қазақстандықтарды осы қуанышты хабармен шын жүректен құттықтаймын.

Қонаев қаласының тұрғыны Күләш Байборанқызы да Президент жолдауын бала-шағасымен бірге тікелей эфирде тамашалады. Мемлекет басшысының бастамалары құптарлық. Тапсырмалары кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр. Мәселен, биылдың өзінде Қапшағай қаласының атауы өзгеріп, облыс орталығына айналғаны біз үшін жағымды жаңалық болды дейді

Күләш Байборанқызы, Қонаев қаласының тұрғыны:

Әрине, көптеген өзгерістер еніп жатыр. Ең алдымен халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселесі, ауыл мәселесі деген сияқты, жер мәселесі деген сияқты құнды мәселелерді көтеріп жатыр.

Берекелі екі шаңырақ та отбасылық зорлық-зомбылықпен күресте заңды қатаңдату қажеттілігін алға тартады. Ал жанұяда кикілжің болмауының басты кепілі әлеуметтік мәселелердің дер кезінде шешілуі. Президент әр Жолдауында осы салаға ерекше назар аударып келеді.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу