Президент: Шетелдік көліктерді тіркеу реттеледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент: Шетелдік көліктерді тіркеу реттеледі

01.09.2022

Армян мен орыс, қырғыз бен басқа да шетелдік нөмір таққан көліктерді ресми түрде тіркеуге мүмкіндік берілмек. Бүгін Президент өз жолдауында осыған пәрмен берді. Бұған дейін жүргізушілер мемлекеттік алымдардың тым қымбат болғандығынан өз көліктерін тіркеуден қашып жүрген еді. Енді мыңдаған адамның мәселесін шешу үшін бір реттік шара қолға алынбақ.

Соңғы жылдары Қазақстан нарығын көрші елдердің көліктері толтырғаны жасырын емес. Басым көпшілігі утиль алым мен алғашқы тіркеудің қымбаттығынан құжаттарын заңдастырмады.

2019 жылдан бері елімізге үшінші елдерден 122 мың автокөлік әкелінді. Олардың біразы тіркелмеген. Салдарынан жергілікті қазына жыл сайын миллиардтаған салықтан қағылып отырды.

Президент бұл заңсыздыққа енді жол беруге болмайды деді. Бірінші қыркүйекке дейін елге әкелінген көліктерге қолжетімді бағамен көлікті тіркеуге мүмкіндік берілмек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Заңсыз көлік әкелетін амал-тәсілдің бәріне тосқауыл қою үшін батыл шаралар қабылдау қажет. Ал, биылғы 1 қыркүйекке дейін елге әкелінген автокөліктерге қатысты ахуалды реттеу керек. Оларды заңдастыру мақсатында утилизация және алғашқы тіркеу үшін төленетін қаржы көлемін 200-250 мың теңгеден асырмай, бәріне бірдей және бір реттік алым алуды ұсынамын. Бұл – іздеу салынбаған және кеден рәсімдерінен өткен көліктерге ғана қатысты шара.

Президент жариялаған науқанның нақты талап-тәртібі әзірге белгісіз. Оны жуық арада құзырлы мекемелер жариялауы тиіс.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу